Кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы - «Атамекен» ҰКП басшысы

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда ҰЭМ мұндай өзгеріс кәсіпкерлерге әсер етпейтінін айтып отыр

Коллаж: Azattyq Ruhy

Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Атамекен ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде қосылған құн салығының мөлшерін көтеру көзделген. Кәсіпкерлер қазірден бастап алаңдаушылық білдіріп отыр. Министрлік өкілдері экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлерді тыңдап, мөлшерлемені көтеруге қатысты түсініктеме берді.

«Бізге мөлшерлемені көтеруге түрткі болған дәйектер мен аналитика көбірек керек. Қазір аналитика аздық етеді. Сараптама ҚҚС не үшін көтеріліп жатқанын түсіну үшін керек. Алдын ала есептеуіміз бойынша ҚҚС мөлшерлемесін көтеру инфляцияға әкеліп қана қоймай, нақты мәнде ЖІӨ өсу қарқынының жылына 1%-ға төмендеуіне әкеледі. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Бізге көбірек дәйек керек. Оның үстіне кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы», – деді «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов талқылау барысында.

Кәсіпкер, Учет. kz негізін қалаушы Максим Барышев көрші елдердің салық салу жүйесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Өзбекстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12%, Қытайда – 13%, Қырғызстанда – 12%, Оңтүстік Кореяда 10%, БАӘ және Канадада – 5%-ды құрайды.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірлеу кезінде ҚҚС мөлшерлемесін белгілеудің бірнеше нұсқасы, оның ішінде оны саралау қарастырылғанын атап өтті. Алайда, олардың барлығы фискалдық функцияға – мемлекеттің қаржы ресурстарын қалыптастыруға жауап бермеді.

«Бірінші кезекте фискалды функция – нысаналы трансферттің орнына қосымша 2,4 трлн теңге. Оны біз қазір жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде Ұлттық қордан алып отырмыз. Енді қордан алмайтын боламыз. Мемлекеттің шығын артып келеді. Жыл сайын біз бюджет секторына 3,5 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсаймыз. Атап айтқанда БЖК, қарапайым заттар экономикасы бағдарламалары, ауыл шаруашылығы. Екінші мәселе, ҚҚС кәсіпкерлердің салығы емес. Бұл сіздерге салынатын салық жүктемесі емес. Бұл жанама салық, салық жүктемесі коэффициентінде ол жоқ. Бизнесті мүлде тиісіп жатқанымыз жоқ, бұл тұтынушы жүктемесі», – деді Азамат Амрин.

Спикер бұл Ұлттық экономика министрлігінің позициясы екенін, оны Үкімет позициясы деп қабылдау әлі ерте екенін айтты.

Вице-министрдің жауабы кәсіпкерлердің көңілінен шықпады. Атап айтқанда, Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағы басқармасының төрағасы Берік Зайыров ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бірінші кезекте кәсібін  адал жүргізетін бизнеске әсер етеді деп санайды.

«Кәсіпкерлер құжаты бар тауарды таппай жүр, елге құны төмен немесе контрабанда арқылы көп тауар келеді. Яғни бізде қазір ҚҚС-ті қайдан алуға болатын резерв бар. Егер осы тауарлардың бәрін ашық айналымға шығаратын болсақ, бюджет толықтырылатын болады. Кәсібін адал жүргізетін бизнесті жүктемей, заңсыз айналымдардан бастау керек деп ойлаймын», – деді Берік Зайыров.

Ал Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мұқанов машина жасау саласы үшін ҚҚС мөлшерлемесін көтеру аса ауыр екенін айтты.

«Біріншіден, біз импортқа тәуелдіміз. Иә, бұл жанама салық, бизнес салығы емес. Бірақ салық арқылы бизнестен айналым қаражаты алынады.  Өкінішке қарай, қазіргі кезде машина жасау саласы материалдарға, компоненттерге шамамен 50-60% жұмсайды. Біз олардың бәрін импорттаймыз. Бірден ҚҚС төлейміз. Екіншіден, бұл еңбек ұжымдары. Зауыттарда ҚҚС есебін жүргізбейтін көптеген адам жұмыс істейді. Сондықтан бұл өсім өте маңызды», – деді спикер.

 Жиында Райымбек Баталов ҚҚС-ты ұлғайту мәселесіне терең талдау, оның ішінде салалар бөлінісінде мұқият қарау керегін айтты. Әлібек Қуандықов Бизнестің дәлелдерін назарға алатынын атап өтіп, Ұлттық палатамен бірлесіп жаңа Салық кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде тиісті талдау жүргізуге дайын екенін хабарлады.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды.

Министрліктің сарапшылары ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан бастап қолданылады деп күтілуде.