8 ай ішінде 112 мемқызметшіге 35 млн теңге айыппұл салынды - Антикор

Автор: Azattyq Rýhy

Жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың кең таралған түрі - лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы

Фото: ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 8 ай ішінде 112 мемқызметшіні әкімшілік жауапкершілікке тартты, салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 35 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттіктің баспасөз қызметіне султеме жасап.

Мемлекеттік қызметшілер көбінесе жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзғаны, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қолданбағаны, бизнестің заңды қызметіне кедергі келтіргені, кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысқаны, іс жүргізу әрекеттерімен байланысты құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі әкімшілік іс жүргізу тәжірибесі көптеген елдерінде қолданылады. Мысалы, француз заңнамасында жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке емес, әкімшілік шараларға басымдық беріледі. Латвияда жемқорлар қылмыстық жауапкершіліктен 10 есе көп әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік практиканы қолдануды халықаралық ГРЕКО ұйымы да ұсынады», - делінген хабарламада.

Агенттік нормативтік құқықтық базаның тиімділігін арттыру және әкімшілік іс жүргізу арқылы неғұрлым ауыр жемқорлық көріністерінің уақтылы алдын алу бойынша белсенді жұмыс істеуде.

«Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Тексеру комиссиясының аудиторын өз пәтерінде роликті перделер орнату түрінде заңсыз материалдық сыйақы алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл үшін аудитор объектіні тексеру тізімінен алып тастады. Бұл жағдайда объект бастапқыда бақылауға алынбады. Мұндай әрекеттері үшін тексерушіге 2 млн теңге айыппұл салынды. Сондай – ақ, жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың кең таралған түрлерінің бірі - лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы болып табылады. «Бизнес жол» жобасы аясында қала құрылысын бақылау, қала құрылысы және урбанистика басқармаларының басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Алматы қаласының Антикоры бұл лауазымды тұлғалардың адал кәсіпкердің заңды қызметпен айналысуына кедергі келтіретін заңсыз актілер шығарғанын анықтады.

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен заңсыз деп танылды:

- Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының АЖЗ тоқтату және ЖШС эскиздік жобасын келісу жөніндегі іс-қимылдары мен хабарламалары;

-Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама берген субъектілер тізілімінен ЖШС-ні алып тастау бойынша қала құрылысын бақылау басқармасының іс-әрекеттері мен хабарламасы.

Сот шешімінің негізінде лауазымды тұлғалар заңсыз әрекеттері үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға тартылды», - делінген хабарламада.

ӘҚБтК жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны үшін жауапкершілікті де көздейді.

Қостанай облысында ветеринариялық бақылау жөніндегі аумақтық инспекция басшысы бас маманды жұмысқа қабылдаған. Бұл ретте қызметкер лауазымға тағайындалғанға дейін активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырмаған.

«Осылайша, ветеринариялық инспекция басшысы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 172 мың теңге айыппұл салынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері туралы ақпаратты 1424 қысқа нөмірі немесе @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы қабылдайды», - делінген агенттіктің хабарламасында.