Сот барысында 49 жастағы жүргізуші кінәсін мойындады
Шымкентте атышулы автобус апатына қатысты сот отырысы басталды. Алты адамды қағып, бес адамның өлімімен аяқталған қайғылы оқиғадан кейін қара жамылған отбасылар әлі ес жимаған. «Перзентімізден айырылдық» деген ата-аналар оқиғаға жүргізуші мен автобус паркін кінәлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Almaty телеарнасына сілтеме жасап.
Сот залында көз жасын тыя алмаған азаматтар – Шымкентте автобус апатынан мерт болған жүргіншілердің жақындары. Бағдаршам жанында жайбарақат тұрған олардың қыздарын басқарусыз қалған автобус жаншып кеткен болатн. Оқиға орнында 3 адам жан тапсырса, 2 адам ауруханада жантәсілім еткен. Содан бері есеңгіреп қалған ата-аналар атышулы іске қатысты алғашқы сот отырысына келді.
Олар автобус жүргізушісінің қатаң жаза алғанын талап етіп отыр.
Өзі тізгіндеген №21 қоғамдық көлікті жолда қалдырып, дәретханаға кеткен Хайрулла Юлдашевтің үстінен 345-бап бойынша іс қозғалды. Сот барысында 5 баланың әкесі, 49 жастағы жүргізуші кінәсін мойындады. Ал адвокаты «кінәрат автобустан да кетуі мүмкін» дейді.
«Автобус күні бойы жүргенде тежегіш қызып, істемей қалуы мүмкін. Қазіргі таңда жәбірленуші тарап «Автопарк басшысы бізге келіп, кешірім сұрап, әрқайсымызға 5 млн теңге берді, ешқандай шағым жоқ, моральдық, материалдық өтемақы төленді» деп отыр. Егер автопарк кінәлі болмаса, 5 млн теңгені не үшін береді?» – деді сотталушының адвокаты Бақытжан Сатыпалдиев
Автобус апатынан аман қалған жалғыз Дариға Сейдалиева мүгедектікке қол жеткізе алмай жүр. Осылай деген оның адвокаты сотталушыдан моралдық және материалдық шығын ретінде 6 млн 300 мың теңге сұрады. Бойжеткеннің көзінің көруі нашарлап, миы мен омыртқасына да зақым келген. Ол әлі күнге дейін аурухана табалдырығын тоздырып жүр.
Ал 6 адамды қағып, 5 адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты келесі сот отырысы 27 қыркүйекте өтеді.