$ 495.95  524.37  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Самат Нұртаза қалдық полигондарының мәселесін көтерді

Жыл сайын 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі

Самат Нұртаза қалдық полигондарының мәселесін көтерді
Фото: el.kz

«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Самат Нұртаза қатты тұрмыстық қалдық мәселесін көтерді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Халық елдегі коммуналдық қалдықтардың қазіргі жағдайына қатысты мәселелерді жиі көтеріп отыратыны өздеріңізге де белгілі. 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге!» «AMANAT» партиясының бағдарламасында экология саласындағы көрсеткіштерді жақсарту бөлігінде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары өңірлердің көркін бұзбауы керек. Осыған байланысты, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 36%-ға дейін, сондай-ақ экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін қоқыс полигондарының үлесін үш есеге ұлғайту міндеттері айқындалды», - деді депутат.

Ол атағандай, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, республикада жыл сайын 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі, 2022 жылы оның 25%-ы қайта өңделген.

«Алайда Экология министрлігі қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері бойынша, биыл Жоғары аудиторлық палата ресми статистиканың мемлекеттік кадастрда жинақталған мәліметтерге сәйкес келмейтінін, қалдықтардың түзілу көлемі екі еседен астам бұрмаланатынын атап өтті. Йель университетінің жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан өткен жылы қоқысты қайта өңдеу деңгейі бойынша 175-ші орынды иеленді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісінде біз дамыған елдерден ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша көршілес елдер мен Орталық Азия мемлекеттерінен де артта келеміз. Мысалы, Қырғызстан 106-шы орында, ал Өзбекстан болса 30-шы орында», - деді ол.

Нұртаза тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жағдайы жайлы айтты.

«2022 жылы елімізде тіркелген тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жалпы саны 3019 бірлікті құрайды, оның ішінде экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келетін небәрі 21% ғана, бұған елдегі 5000-нан асатын бей-берекет, стихиялық қоқыс үйінділері кірмейді.Экология министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы утилизациялық алымнан ақшалай қаражатты шамамен 1,5 жыл бойы жинағанымен, елдегі қалдықтарды жинау мен өңдеуді ынталандыруға тиіс болған «EcoQoldau» ақпараттық жүйесі әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Бұл механизмді жеделдетіп іске асыру өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі саласындағы қордаланған проблемаларды ішінара шешуге мүмкіндік берер еді», - деді ол.

Осыған байланысты депутат бірқатар мәселелерге назар аударуды сұрады:

  • ЕcoQoldau цифрлық платформасы арқылы қайталама шикізатты жинау мен өңдеуді субсидиялауға қатысты өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі операторының («Жасыл Даму» АҚ) жұмысы қайта басталсын.
  • Экологиялық, санитариялық және құрылыс нормаларын ескеретін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салудың бірыңғай қағидалары әзірленсін.
  • Жергілікті атқарушы органдарға жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға және бұрыннан бар полигондардың жағдайын талапқа сәйкес келтіруге қаражат бөлініп, инвестициялар тартылсын.
  • Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі мен полигондар санының деректерін жинау мен өңдеудің бірыңғай және дұрыс есебі әзірленсін.
  • Электр энергиясы мен биогумус (биологиялық шірінді) алу, кәдеге жарату үшін тұрмыстық қатты қалдықтардан биогаз алу саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар қолға алынсын.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары