ШҚО перзентханаларында жыл басынан бері 43 нәресте шетінеп кеткен

Автор: Мира Байбек

Сәбилер өлімінің тең жартысы Өскеменге тиесілі болып отыр

Фото: ТАСС

Шығыс Қазақстан облысында биыл өлім-жітім саны азайғанымен, ана мен нәресте өлімі әлі де алаңдатарлық күйінде қалып отыр. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев дүниеге келген және қайтыс болған нәрестелердің саны туралы мәліметтерді айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі YK-news-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері облыс орталығында 3 501 бала дүниеге келген. Оның ішінде 27 нәресте қайтыс болған. Жалпы облыста барлығы 6 103 нәресте дүниеге келсе, олардың 43-і шетінеп кеткен.

ШҚО бойынша жыл басынан бері үш ана өлімі болған, оның бірі Өскеменде тіркелген. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы облыс орталығында 24 нәресте көз жұмған және бірде-бір ана өлімі тіркелмеген болатын.

«Шығыс Қазақстандағы перзентханалар үш санатқа бөлінеді. Асқынбаған босануды қамтамасыз ететін бірінші деңгейдегі ұйымдар Риддер, Серебрянск, Ұлан, Самар, Глубокое, Шемонаиха, Катонқарағай, Күршім және Тарбағатай аудандарында жұмыс істейді. 2023 жылы аталған перзентханаларда 1 330 бала өмірге келді. Екінші деңгейлі акушерлік стационарлар асқынған жүктілікпен түскен әйелдерді қабылдайды. Олар Катонқарағай және Күршім аудандарындағы аудандық ауруханаларда орналасқан. Жыл басынан бері бұл ауруханаларда 60 әйел босанған», - дейді мамандар.

Үшінші деңгейдегі перзентханалар аса күрделі және патологиялық жағдайменмен түскен аналарды қабылдайды. Облыста мұндай перзентханалардың саны екеу: Өскемендегі Ана мен бала орталығы және Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы.

«Екі перзентханада биыл 8 444 әйел босанды. Негізгі жүктеме үшінші деңгейлі перинаталдық орталықтарға, негізінен Ана мен бала орталығына түсетінін аңғару қиын емес. 197 төсектік орталық Өскемендегі жалғыз перзентхана болып отыр және қаладағы әйелдер арасындағы патологиялық босануға дейінгі барлық жағдайда көмек көрсетуге мәжбүр. Ал биыл Өскеменде 2 664 әйел жүктілік бойынша есепте тұр», - деді Төлеген Жігітаев.

Өңірдегі акушерлік жүктемені жеңілдету үшін жыл соңына дейін Күршім және Тарбағатай аудандарындағы аудандық ауруханаларды акушерлік көмектің екінші деңгейіне көшіру жоспарланып отыр. Десек те, сәби өлімі жоғары болып отырған Өскеменнің 400 мыңға жуық халқы үшін неге тек бір ғана перзентхана жұмыс істейтіні түсініксіз.