Жобаның мақсаты - ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру
«Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған жас мамандарға арналған жұмыс жәрмеңкесі сәтті өтті. Мәселен Талдықорған қаласының Жастар демалыс саябағында өткен жәрмеңкеде 300-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жастарға Жұмыс» жобасы аясында қолға алынған іс-шараның мақсаты да қалаған мамандықтары бойынша жұмыс іздеп жүрген ұл-қыздарға көмек көрсету.
«Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университетін «Көркем еңбек графика және жобалау» мамандығын аяқтадым. «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсендісімін. Жәрмеңкеге келіп, әр түрлі бос жұмыс орындармен таныстым. Өзімен ұнағаны инклюзивті дамыту орталығы қоғамдық бірлестігі тарапынан жасалған ұсыныс болды. Сол жерде-ақ бірден жұмысқа жолдама алдым. Талдықорған қаласындағы Жетісу құрылыс-техникалық колледжінде Көркем еңбек графика және жобалау пәнінің мұғалімі керек екенін де білдім. Келесі күні колледждегі әңгімелесуден соң құжаттарымды жинауға кірісіп кеттім», - деді Ақжан Қанатбекова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Жастарға жұмыс» атты арнайы жобасы қолға алынған. Оның негізгі мақсаты жоғары оқу орындарының түлектеріне, кәсіптік білімі бар жастардың еңбек және кәсіпкерлік әлеуетінің жүзеге асуына мүмкіндік беру.
«Жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған шарада түрлі салалар бойынша және қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп берді. Жалпы осы мен қатысқан бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне өзім секілді жастар өте көп келді. 20 астам кәсіпорындар, 8 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, 3 мемлекеттік орган және «Талдықорған қаласының мансап орталығы» филиалы да жұмыс ұсынды. Білімге ұмтылған, еңбекқор, елі мен жерін сүйетін, отанына адал 100 мыңнан астам патриот жастардың басын біріктіретін «Жастар рухы» Жастар қанаты көптеген істерге ұйытқы болып келеді», - деді ол.