Ол осы саладағы мамандарға жайлы жағдай жасау керек деп есептейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев креативті индустрияны дамыту мен IT саласында жүзеге асырылуы тиіс бастамалар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Креативті индустрия – өте ауқымды, алып сала. Саланың түрлі салалық бағыттары бар. Қай сала болмасын жаңа инновациялар мен техникалар ойлап табатын, саланы дамытатын адам екенін түсінуіміз керек. Сондықтан мемлекеттің де ең басты құндылығы адам болып отыр. Сол себепті де біз креативті индустрия саласындағы жастарды елде ұстап қалуымыз керек. Өкінішке қарай, бізде қазір ондай тенденция ақсаңдап тұр. Елімізде бұл салада бірқатар бастама жүзеге асырылды. Мәселен, IT университеті ашылды. Дегенмен жастар креативті индустрия, IT саласында өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмай отыр. Оған бірнеше дәлел бар», - дейді ол.
Депутат өзінің журналистік жолында шетелде тұратын көп қазақстандықпен, соның ішінде IT мамандарымен, инновациялық технология саласында жүрген азаматтармен әңгімелескенін айтты.
«Google-дың Цюрихтегі кеңсесінде жұмыс істейтін Аман Өтемұратов, оның інісі Пернехан Өтемұратов АҚШ-тың Кремний жазығында жұмыс істеп жатыр. Амстердамда Booking.com компаниясының бағдарламашысы болып жүрген Әлібек Датбаев сынды азаматтар бар. Жалпы Орталық Азияның IT саласында машықтанғысы келетін жастары осы Әлібектің арнасы арқылы бағыт-бағдар алып, шетелге барады. «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» демекші, елімізде сондай азаматтарға жағдай жасалған болса, олардың шетелге кетіп несі бар. Әрине, біз он жерден саланы дамытамыз десек те, Кремний жазығы бола алмаймыз. Біз Google мен Цюрихтағы кеңсесі бола алмаймыз. Шетелге мықты мамандар кетіп қалды, соларды қайтаруымыз керек дейміз. Бірақ оларды қайда қайтарамыз? Сол Әлібек Датбаев біздегі банкте жұмыс істеді. Еліміздегі ең үлкен әуе компаниясына түйіндемесін жібергенде «сай емес» деп қайтарып жіберген. Ал ол қазір шетелде тұтас бір бөлімді басқарып жүр. Оларға жасалған жағдай мүлдем басқаша. Біз оларға сондай жағдай жасай алуымыз керек», - деді ол.
Депутат креативті индустрия, IT саласындағы басшылар бұл саланың бүге-шүгесіне дейін түсінетініне күмәнданатынын айтты.
«Бұл саладағы басшылар, міне, қаржы құйдық, университет аштық, жылтыраған кеңсе аштық деп отырады. IT саланың нәтижесі қайда деп отырады. Олай істеуге болмайды. Бұл - өте нәзік сала, шығармашылықты қажет етеді. Бұл саладағы туындылар да ақынның толқынысынан туындайтын дүние секілді. Себебі креативті индустрия мен IT саласында жаңалық ашатын кез келген адамға жүктелетін жауапкершілік өте үлкен. Бұған дейін адамзат ойлап таппаған дүниені ойлап табу – өте үлкен сенім. Ал қазақтың оған дегені әлеуеті өте жоғары. Еуропада, Америкада қанша қазақ баласы бар. Барлығы бірдей қара жұмысқа емес, осындай ақылды, интеллектуалдық салаға кетіп жатыр. Әлемде қазақтың IT мамандарына деген сұраныс өте жоғары», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат креативті индустрия саласындағы талантты, дарынды жас мамандардың елде қалуына тартымды жағдай жасауымыз керегі жайлы айтты.
«Әрине, олардың алдына тосқауыл қойып алып қалуға хақымыз жоқ. Бірақ біз барынша тырысуымыз керек. Шетелге кеткен мамандардың барлығын топырлатып елге әкелу керек деген ұстанымға да қарсымын. Оларға нақты жағдай бар ма? Нақты жағдай жасай аламыз ба? Шетелде самғап жүрген мамандарды елге алып келіп, осынша ақша береміз, осында компьютер береміз деп алтын торға қамап тастамаймыз ба? Мүмкін, керсінше ара-тұра оларды алдыртып, осындағы жастармен тәжірибе, ақпарат алмастырып жұмыс істетуіміз керек. Себебі IT мен креативті сала жер таңдамайды. Сонау Кремний алқабында отырған маман бағдарлама жасап, елдегі сайттардың жұмыс істеуін ілгерілендіре алады. Сондықтан оларды осында алып келіп, ғимараттарға қамап қоюдың қажеті жоқ. Олардың ақыл-ойын пайдалануымыз керек. Қажетінше олардың еңбегін дұрыс бағалап, қаражатымызды құюымыз керек», - дейді депутат.
Нартай Аралбайұлы Президент өз Жолдауында Astana Hub-тың өңірлердегі филиалын ашу бойынша тапсырмасы жайлы айтты.
«Президент өте үлкен бастама айтып отыр. Біз осыған дейін білім саласындағы бүкіл жақсы дүниелердің барлығын Астана мен Алматы қаласына шоғырландыра бердік. Кейбіреулер осы екі қаадағы кептелісті айтып ренжіп жатады. Әрине, жақсының барлығын етектен алып жағаға жалғай берсең солай болады. Осы IT саласы да осындай. Астананың өзінен Hub ашсақ та, қатты өркендеп кеттік деп айта алмаймын. Сондықтан бұл өңірлердегі талантты балаларды топтастыратын орталықтар болады. Қазір жаңа сұраныс пен сынақтар келді. Сондықтан аймақтарда орталық филиалдарын ашу өте маңызды мәселе. Тек соның жұмысын жолға қоюымыз керек. Өкінішке қарай, аймақта ашылған талай оррталыққа бөлінген ақша желініп, нәтиже болмаған кезеңдер болды. Сондықтан филиалдарға білікті, мемлекетшіл, осы салаға жаны ашитын басшылар келуі керек. Креативті индустрия саланың табысы сұрапыл, мұнайдан келетін табыстан да асып кетті», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, көзге көрінбейтін әлеуметік желі тұтас әлемді байлап қойды.
«Талантты, дарынды жастарға осындай дүниелерді, жаңалықтарды ашу үшін жақсы жағдай жасауымыз керек. Google-дың кеңсесінде қызметкерлерге жасалған жағдайды көріп таңғаламыз ғой. Сол сияқты бізде де жағдай жасау керек. Шығармашыл тұлғаларға тек жағдайдың жайлы болғаны қажет. Ерте ме, кеш пе олардан ғаламат туынды шығатыны белгілі. Төбесінен талап етіп, министрлікке есеп беруіміз керек дегенді ұмытуымыз керек. Креативті индустрия мен IT саладағы мамандардың қожайыны болуға тырыспауымыз керек. Тек оларға жағдай жасауымыз керек», - деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиевтың айтуынша, қазір қоғамның той-томалақтан, бітпейтін меркеме мен ырду-дырду концерттерден бас тартатын кезең келді.
«Президент те осыны айтады. IT саланы, креативті саланы дамытайық. Тіпті, қарапайым компьютер ойыны киберспорттың табысын көргенде таңдай қағасыз. Осы ойындардың өкілдері киберкомандалар құрып жатыр. Оның барлығы пайда, жаңа дәруірдің, кезеңнің келгенін көрсетеді. Қазір жасанды интеллект адамның істегенін қайталап, жұмысын атқарып бере алады. Қазір адам ойлап табушы, жасаушы, жұмсаушы кезеңіне өтіп барады. Дамыған елдерде кеніштегі жұмыстардың өзін роботтар атқарып жатыр. Ол үшін біз көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Әнші, әртістерді насихаттап, көп айтылып кетті деп ренжиміз. Соларды беріп, рейтинг қуамыз дейміз. Кейін сұраныс сондай деп халыққа ренжіп отырамыз. Қазақ елі ақылды, ұлы ұлт, біз оларға креативті дүниелерді ұсына алуымыз керек», - дейді ол.
Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, сұрнысқа ие мамандарға барынша жайлы жағдай жасауға тырысу керек.
«Шетелде жұмыс істейтін азаматтар нағыз патриот. Соларға қолдау көрсетіп, жағдай жасауымыз керек. Атағы шығып, шетелде танылып кеткен отандастырымызды кейін «бізде істеген, министрліктен шыққан» деп еңбегіне ортақтасу өте ұят нәрсе болады», - деді ол.
Депутат осы сала бойынша Цифрлық даму министрлігінің жұмысына қатысты пікір білдірді.
«Бұл саланың нақты маманы болмаған соң, нақты баға бере алмаймын. Бірақ байланыс желілеріне қатысты бағаның шарықтап тұрғаны рас. Соны министрлік реттеуі керек. Айналдырған 2-3 компанияны монополист қылып қойды. Қазір тарифтің 5 мың теңгеден кемі жоқ. Интернет сапасы да ақсаңдап тұр. Мобильді оператордың жұмысын жүйелеу керек. Монополист болған соң олардың айтқанына шыға алмайды. Осы саланы дамытқан абзал. Халықтың талабы бірінші орында тұруы тиіс. Арзандатқанын қалай ма, арзандатуы керек. Ол қолдан келмесе неге олай болып жатқанын түсіндіруіміз керек», - деді Нартай Сәрсенғалиев.