«Түрмедегілер жаппай тамырларын кескен»: ШҚО бойынша ҚАЖД ақпаратқа қатысты түсініктеме берді

Автор: Azattyq Rýhy

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті қызметтік тергеу тағайындады

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында № 18 түзеу мекемесіндегі сотталғандар жаппай тамырларын кескені туралы WhatsApp желісінде ақпарат тарады. ШҚО бойынша ҚАЖД аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Алайда, құзырлы ведомство бұл арада екі сотталушының өзіне дене жарақатын салуы туралы сөз болып отырғанын нақтылады.

«2023 жылы 14 қыркүйекте ШҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты № 18 мекемеде екі сотталушы өздеріне дене жарақатын салғанын хабарлаймыз. Сотталғандар бұл әрекеттерін мекеменің ұстау тәртібімен келіспеуіне байланысты жасағанын, атап айтқанда, мекемеде еркін жүріп-тұруын, теледидар көруді және камера есігін құлыптамауды талап ететіндіктерімен түсіндірген», - делінген департамент хабарламасында.

Сотталғандарға ауруханаға жатқызусыз алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Бұл дерек ШҚО бойынша ҚАЖД-ның анықтамаларды тіркеу кітабына тіркелді. ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті қызметтік тергеу тағайындады. 

Сонымен қатар, мекемеге прокуратура өкілдері келіп, сотталғандардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.