Қазақстандық ЖОО-ларда ақылы білім алу құны қанша – статистика

Автор: Мира Байбек

Биыл университеттерде оқу ақысы біршама қымбаттады

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның 16 университеті әлемдегі ең мықты университеттер тізіміне енді. QS World University рейтингіне барлығы 1421 университет енген. Үздік ондыққа АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария университеттері кірді. Оның ішінде 150-орында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жайғасқан. Үздік 500-дің тізімінде Қазақстанның бес ірі ұлттық университеті тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҚЫМБАТ ЖОО-ЛАР ОНДЫҒЫ ҚАНДАЙ

Ranking зертеуінше, биыл қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу ақысы біршама қымбаттаған. Республикалық және аймақтық ЖОО-лар, сондай-ақ төрт негізгі кәсіби бағыт бойынша қарастырғанда, Назарбаев Университетін еліміздегі ең қымбат университет деп атауға болады. Бұл оқу орнында гуманитарлық мамандық алу үшін университет есепшотына жыл сайын 7,5 миллион теңге аударып отыру керек. Инженерлік немесе IT мамандығы бойынша оқу жылына 9 млн теңгені құрайды. Төрт жылдық бакалавриат кезеңі үшін сәйкесінше 30 млн және 36 млн теңге төлеуіңіз қажет.

Ақылы білім беру құны бойынша екінші орынды КИМЭП университеті иеленді. Университетте несиелік жүйе бар, ал төлемнің жалпы сомасы бір жыл ішінде жабылған академиялық несиелердің санына байланысты. Төрт жылдық барлық міндетті пәнді есепке алғанда, студент 16,4 млн теңге, бір жыл үшін шамамен 4,1 млн теңге төлеуі керек.

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев 

Сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университеті де ең қымбат университеттердің үштігіне енді. Мұндағы студенттер де кредиттік жүйе бойынша оқиды. Бакалавриаттың барлық кезеңіне оқудың сметалық құны 9,6 млн теңге, бір жылға – 2,4 млн теңге.

«Зерттеу нысаны болған 15 жоғары оқу орнының ең жиі ұсынылатын жылдық оқу ақысы 1 млн теңгені құрайды. Әдетте, техникалық және IT мамандықтары гуманитарлық ғылымдарға қарағанда қымбатырақ болады», - дейді сарапшылар.

ЖОО-ЛАР АҚЫЛЫ БӨЛІМДЕРДЕН ҚАНША ПАЙДА ТАБАДЫ  

Облыстық университеттердің көпшілігінде бір жылдық оқу құны кем дегенде екі есе төмен. Тізімде көрсетілген облыс орталықтарының 10 ірі оқк орнының көпшілігінде баға педагогикалық мамандықтар мен әлеуметтік ғылымдар бойынша 550-600 мың теңге, инженерлік мамандықтар мен IT бағыттары үшін 730-760 мың теңге аралығында болады.

«Білім беру мекемелерінің есептеріне сәйкес, 2022 жылы жоғары оқу орындары көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемін 15%-ға арттырған. 2021 жылы білім беру мекемелері 434,4 млрд теңгеге қызмет көрсетсе, бір жылдан кейін 499,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Қаражаттың жартысынан астамы – 60,8 пайызы – бюджет есебінен, тағы 36,7 пайызы – халық есебінен алынған. Студенттердің тек 2,5%-ы ғана коммерциялық бөлімдерде оқыды, сонымен қатар олардың ақысын кәсіпорындар төледі. Биылғы қаңтар-маусым айларында қаржылық көрсеткіштердің өсуі байқалды. Университеттер білім беру қызметтеріне 215,4 млрд теңге алды, бұл 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 16%-ға артық», - делінген зерттеуде.

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев 

ЖОО САНЫ ЕҢ КӨП ЖӘНЕ ЕҢ АЗ ОБЛЫСТАР ҚАЙСЫ

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 116 жоғары оқу орнының лицензиясы болған. Олардың жартысы мегаполистерде орналасқан: Алматыда – 39, Астанада – 14, Шымкентте – 8. Аталған оқу орындарында барлық бакалаврдың 58 пайызы оқиды. «Студенттер қаласы» атағы көп жылдар бойы мықты ұлттық университеттер мен академиялар орналасқан, талапкерлердің қабылдау таңдауы кең Алматыға тиесілі.

Ал өңірлерде университеттердің жағдайы басқаша. Көп жылдар бойы жоғары білім беру жүйесін оңтайландырудан кейін еліміздегі ЖОО саны 2019 жылғы 125-тен 2022 жылы 116-ға дейін қысқарды. Қазіргі уақытта ірі облыстарда 6–8 жоғары оқу орны сирек кездеседі, бір өңірге орта есеппен үш университеттен келеді. Дегенмен мұндағы алшақ көрсеткіштерді де атап өткен жөн.

«Мысалы, халқы ең тығыз орналасқан – 2,1 миллион тұрғыны бар Түркістан облысында да, 610 мың тұрғыны бар Абай облысында да ЖОО саны бірдей: бұл облыстардың әрқайсында үш университеттен бар.

Ал 1,5 млн-нан астам адам тұратын Алматы облысының аумағында небәрі бір ғана университет бар», - дейді мамандар.

АҚЫЛЫ БӨЛІМДЕ ОҚИТЫН СТУДЕНТТЕР САНЫ ҚАНША

Ақылы білім беру мәселесі қазақстандық студенттердің көпшілігін алаңдатып отыр, өйткені кешегі үш талапкердің екеуі коммерциялық бөлімдерде оқиды. Алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары «ақылы» студенттердің үлесі азайып келеді. Егер 2017 жылы студенттердің 70,6%-ы университетке білім беру қызметі үшін тұрақты түрде ақы төлеген болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 63,1%-ға дейін төмендеген. Яғни, мемлекеттік грант иегерлерінің саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады: бес жыл бұрынғы 29,4 пайыздан өткен жылғы 36,9 пайызға дейін артқан.

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев 

«Тиісті министрліктің мәліметінше, биыл Қазақстанда соңғы 30 жылда рекордтық грант саны – 88,2 мың – бөлінді.  Ал тегін орындарға үміткерлер саны әдеттегідей көп болды: 94 мың адам. Ең үлкен бәсеке тіс дәрігері болғысы келетіндер арасында болды: бір орынға 22 адамнан келді», - делінген сараптамада.

Гранттарға жоғары бәсекелестік болашақ дипломаттар, заңгерлер мен психологтар арасында да байқалды: әр мамандық бойынша бір орынға 10-нан астама адамнан тіркелген.