Жамбыл облысында жас спортшылар қара суықта далада жаттығуға мәжбүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ата-аналардың айтуынша, ауыл әкімі балғындардың мектепке кіруіне тыйым салған

Фото ашық дереккөзден

Қолдаушысы болмаса, құлагер де озбайды. Жамбылдағы Жалпақсаз ауылының жас спортшылары күздің қара суғында далада жаттығу жасауға мәжбүр. Ауыл мектебіндегі бокс үйірмесіне қатысатын 60 бала көктемнен бері спортпен шұғылданатын ғимаратсыз қалған. Ата-аналардың айтуынша, ауыл әкімі балғындардың мектепке кіруіне тыйым салған. Атқамінердің «Ағарту ошағының залына кіру - заңға қайшы» дегені елдің қарсылығын тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Бокспен айналысатын балғындар осылай далада жаттығып жүр. Сайдың тасындай 58 спортшы доп додасы өтетін алаңда дайындалады. Арасында алдағы әлем біріншілігінде бақ сынауға баратын Нариман да бар. Олар күзгі салқында қақпа бағанасына қап іліп, ашық аспан астында жұдырықтасады.

 «Біз басқа ауылдарға, қалаларға барамыз. Ол жақтың жағдайы бар. Біз жақта жоқ. Біз де олар сияқты штанга көтеріп, жаттыққымыз келеді. Тренировкадан кейін жуынғымыз келеді. Басқа балалардың көзінше осы далада жаттығатынымызды айтуға ұяламыз. Оны айтықымыз келмейді», - дейді боксшы Нариман Көпен.

Былғары қолғап шеберлері бокспен 1 жарым жыл бойы ағарту ошағында айналысып келген. Ал ата-аналар залға кіруді заңға қайшы деп тапқан ауыл әкімінің шешіміне наразы.

 «Қолдарыңыздан келетін дүние болса өздеріңіз бір күрке соғып алыңыздар дейді. Мына жастардың болашағына қарай алға ұмтылу деген жоқ. Өздерің күрке соғып, палаткада дайындалсын деген әңгімесі бар Аудан бойынша тек қана біздің ауылда осылай жаттығады ғой», - дейді ауыл тұрғыны Қасым Ермекбаев.

Бапкері балғындарды шіліңгір шілдеге қарамастан далада шынықтырған. Жасыл алаңда жаттығу жасағандар енді халықаралық жарыстарға қатыса алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Өйткені желдің өті мен жауынды күнде жаттығу жұмыстары тоқтап қалатынын түсінеді.

 «Жалғыз грушамызды далаға іліп қойдық. Жаттығуға қажетті құралдарымыз да жоқ. Қазір жауын жауатын болса ешқандай жағдай жоқ. Сондықтан үйге қайтудан басқа амалымыз жоқ», - дейді жаттықтырушы Бақытбек Арыстанбекұлы.

Ал жастарды жасыл шөпке жіберген ауыл әкімі еңбек демалысында екен. Міндетін атқарушы маман білім ошағында үйірме жасау үшін басқарманың рұқсатын күтіп отырғандарын айтты.

«Бокс үйірмесі болғаннан кейін ол жерде ринг құрылу керек. Соған сәйкес біз арнайы рұқсат күтіп отырмыз. Сол мектептің спорт залына біз алдағы уақытта штаттық мөлшерде бокс үйірмесін арнайы рұқсатын алғаннан кейін өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Қарақыстақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Исатай Омаров.

Жалпы Қарақыстақ ауылдық округіне қарайтын 4 ауыл спорт сарайына зәру. Аудан әкімдігі нысан тек үш жылдан кейін салынатынын айтады.