Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жаңа шектеулер енгізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Жанында ересек адам болмаса, кәмелетке толмағандар өз бетінше бейсауат жүре алмайды

фото: Батыржан Беспаев

Кеше коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режимі күшейетіні хабарланды. Осыған байланысты ел астанасы аумағында жаңа шектеулер енгізілді. Бұл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб, төтенше жағдайды жою басшысының шешімінде айтылған

2020 жылғы 28 наурызда сағат 00.00 бастап:

  • Азық-түлік, дәрі-дәрмектер сатып алу мен жұмысқа шығуды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектелсін;
  • Халықтың жаппай жиналатын орындары (саябақтар, шағын бақтар, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т.б.) жабылсын;
  • Қоғамдық көліктің жұмысы кезең-кезеңмен шектелсін;
  • Көшелерде және өзге де қоғамдық жерлерде үш адамнан артық топтармен (отбасы мүшелерін қоспағанда) жиналуға тыйым салынсын;
  • Кәмелетке толмағандарды ересек адамдардың еріп жүруінсіз қозғалуына тыйым салынсын.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті:

  • жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзу не орындамауды анықтаған жағдайда тиісті әкімшілік шараларды дереу қабылдасын;
  • азаматтардың қоғамдық орындарда, саябақтарда, шағын бақтарда және т.с.с. болуына жол бермеу мақсатында енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеу ұйымдастырылсын;
  • карантин аймағын толық қоршауды, қалаға кіру мүмкіндігін болдырмауды қамтамасыз етсін.

«Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі астана тұрғындары арасында жұқтыру ошақтарын оқшаулауды және оның таралу қауіптерін мейлінше азайтуды қамтамасыз етуге арналған шектеу және әлеуметтік оқшаулау бойынша қабылданатын шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық сүйемелдеуді, адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешімдердің маңыздылығын ашып көрсетуді жүргізсін», - делінген жедел штаб басшысының шешімінде.