Бірінші сессия барысында Мәжіліс жұмысында 82 заң жобасы болды, оның 25-і қабылданды
Депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмаларына негізделген көптеген маңызды заң жобаларының бастамашысы болды. Бұл туралы Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «AMANAT» фракциясының мүшесі Альберт Рау партияның кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мысалы, депутаттар бастаған сұйытылған газ айналымын реттеу туралы заң қабылданды. Ол өндіруші зауыттан тұтынушының резервуарына дейін газды таратудың мөлдір жүйесін құрайды. Дәл осы мәселені шешуге мемлекет басшысы ерекше назар аударды», - деді Альбер Рау.
Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мәди Такиев депутаттар бастамашы болған заң жобаларына сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, Ел Президентінің тапсырмалары арқау болғанын атап өтті.
«Бұл ретте Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңның қабылдануы – әлеуметтік әділдік іздеген жұртшылық талабына лайықты жауап. Сондай-ақ, Мемлекет Басшысының еліміздің балаларына деген қамқорлығын бәріміз білеміз. «AMANAT» Фракциясының бастамасымен «Ұлттық қор - балаларға» заң жобасы тез арада әзірленді. Жуырда қабылданады. Бұл ірі бастамалар экономиканың дамуы мен ұлт болашағына деген Президенттің нақты ұстанымын айшықтап берді», - деді ол.