$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.08.2023, 18:01
Қоғам

Елордада үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешіледі

Биыл қалаға 800 мыңнан астам оқулық пен 60 мыңнан астам көркем әдебиет сатып алынды

Елордада үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешіледі

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы мен Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Елордадағы №59-шы мектеп лицейіне барып, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Elorda.Info-ға сілтеме жасап. 

Арнайы бастауыш сынып оқушылары үшін салынған қосымша ғимараттың құрылысы 9 ай бойы жүргізілген. Ғимаратта әр сынып толық жабдықталып, балаларға жайлы жағдай жасалған. Елордада үш ауысымдағы 8 мектеп, бала саны шамадан тыс 18 мектеп бар. №59 мектеп лицейі осы уақытқа дейін үш ауысымдағы мектептердің қатарында болған.

«Бұл мектеп осыған дейін үш ауысымды мектеп болды. Жанына қосымша ғимарат салынған соң мәселе шешілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнда тек бастауыш сынып оқушылары білім алады. Кезінде бір сыныпта 35-37 бала отырса, жаңа оқу жылынан бастап 25-28 оқушы ғана болады. Қазір қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 4 мектеп жаңа оқу жылында ашылады. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 24 мектептің құрылысы басталуда. Бүгінде мектептердегі орын тапшылығы 26 мыңды құрап отыр. Екі-үш жылдың ішінде үш ауысымды 8 мектеп пен оқушы саны шамадан тыс 18 мектептің мәселесі толығымен шешілетін болады», - деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Аталған білім ордасында 4 600 оқушы бар. Оның ішінде 500 бүлдіршін 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайды. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім ошағында мұғалім тапшылығы жоқ, барлығы 230 ұстаз қызмет етеді.  

Бүгінде елордада мектептердің барлығы жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын. Олар бірінші категориялы лицензияланған күзет фирмаларымен келісім-шарт жасап, бейнебақылау камераларымен толық жабдықталған. Биыл қалаға 800 мыңнан астам оқулық пен 60 мыңнан астам көркем әдебиет сатып алынды. Мектептер 100 пайыз оқулықтармен әдістемелік құралдармен қамтылған.

Серіктес жаңалықтары