Білім ордасы қазақ және орыс тілдерінде білім береді
Киелі Әулиеата өңірінде қолы ашық, атымтай жомарт жандар жетерлік. Тапқанын көппен бөлісуге асығатын аптал азаматтар қашанда сауапты іс жасауға тырысады. Аймақтағы сондай азаматтардың бірі, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты – Арман Еділбаев.
Мектеп салу мәселесі Тараз қаласында бүгінде өте өзекті болып отыр. Өйткені шаһар тұрғындарының саны жыл сайын арта түсуде. Осыны ескерген облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Арман Еділбаев «Arai-elite» мектеп-гимназиясын салып, оқушылар игілігіне берді. Қазіргі таңда өңірдің 1320 оқушысы аталған білім ордасында тегін білім алуда.
Соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған білім ордасы қазақ және орыс тілдерінде білім береді.
«Білімге аса ден қойылған бүгінгі заманда әр ата-ана баласын жақсы мектепте оқытқысы келеді. Мектепте оқушылардың білім алуына бар жағдай жасалған. Қазіргі таңда 107 мұғалім сабақ берсе, олардың 66%-ы жоғары санатты маман. Оларға қойылатын талап та жоғары, – дейді «Arai – elite» мектеп-гимназиясының директоры Шолпан Алдиярова.
Әрдайым әлеуметтің әлеуетін ойлайтын мәслихат депутаты «ARAI» медициналық орталығын да салып, өңір тұрғындары денсаулығының жақсаруына ықпалын тигізіп отыр. Мұнда 30 дәрігер және 32 орта медициналық қызметкер басы ауырып, балтыры сыздаған науқастардың дертіне шипа беруде.
Орталық негізінен тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетуге бейімделген. Сондай-ақ, мамандандырылған хирургиялық және терапевтік медициналық көмек те көрсетіледі.
«Жарыссақ, жақсылық жасаумен жарысайық!» деген ұстанымды ұстанған халық қалаулысы өңірдегі ірі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының басшыларына қала, аудандарда әлеуметтік нысандар салу бойынша үндеу жасау үшін «челлендж» бастап отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асатын бұл бастама нәтижесінде салынған әлеуметтік нысандар халықтың түрлі санаттары үшін тегін жұмыс жасауы тиіс. Бұл да Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Арман Еділбаевтың басты мақсаты.