Мамандар радиацияның ұрпақ денсаулығына әсері туралы айтты
29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. 1991 жылы дәл осы датада «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойылды.
Azattyq Ruhy тілшісі айтулы датада радиацияның әсері және онымен күрес тақырыбын зерттеді. Бұл мақсатта «Семей-Хиросима «Полигон» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Талғат Молдағалиев пен Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Татьяна Белихинадан сұхбат алды.
РАДИАЦИЯ ӘСЕРІ 6-7-ҰРПАҚҚА ДЕЙІН ЖЕТЕДІ
Радиациялық эффектінің әсер ету ұзақтығы, яғни оның әлі қанша ұрпаққа әсер ететіні жөніндегі сауал – әлі шешімін таппаған, зерттеліп жатқан тақырып. «Семей-Хиросима «Полигон» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Талғат Жұмасейітұлының айтуынша, радиацияға ұшыраған жандардың геномының бұзылғаны сөзсіз.
«Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрінің Иондаушы сәулеленудің әсеріне байланысты аурулардың тізбесін және себептік байланысты белгілеу қағидаларын бекіту туралы (2019 жылғы 10 сәуірдегі № ҚР ДСМ-24) бұйрығы бар. Осы бұйрыққа сәйкес, үшінші ұрпаққа дейін ауру радиациялық индукцияланған. Ал бұл қашанға дейін созылады деген сауалға келсек, ондай зерттеулер өте аз. Себебі, ашық сынақтар жүргізілген кезеңнен бері, 1949 жылдан 1962 жылға дейін, ашық ауадағы, жер бетіндегі сынақтар жүргізіліп келді. Ауада 88 жарылыс болды. Оның жетеуі газ жинаушы, яғни, халықты созылмалы сәулеленуге ұшырататын жарылыс еді. Хиросима мен Чернобыльдағы жарылыстардан ерекшелігі, ол жақта бір құрамды жарылыс, ал мұнда көп жылдар бойы жергілікті тұрғындар аса ауыр жарылыстармен санасып өмір сүруге мәжбүр болды. Яғни, сол себепті өзінің қайталанбас радиоэкологиялық сипаты бар. Сәйкесінше, Хиросима немесе Чернобыль тәжірибесі бойынша Семейдегі жағдайға болжам жасау өте қиын. Бұл әлі көп зерттеуді қажет етеді. Бірақ зертханалардағы тәжірибелер, әдетте, геном деңгейіндегі радиациялық әсерлердің бесінші, алтыншы ұрпаққа дейінгі ықпалы болатынын көрсетеді. Алайда бұл жерде нәтиже зертханалық тәжірибелерде байқалғанын екенін ескерген жөн. Адамдар емес, зертханалық жануарларда осындай нәтиже көрсетілген. Сондықтан бұл сауал дәйекті, егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Ол үшін, әрине, материалдық-техникалық қолдау қажет. Генетикалық зертханаларда адамның геномын тексеретін зерттеулер қажет. Алайда хромосоманың зақымдануы, геномның бұзылуы, әрине, бар. Біздің зерттеулерге сәйкес, үшінші ұрпаққа дейін оның теріс әсері расталған», - деді Талғат Жұмасейітұлы.
АСҚАЗАН ОБЫРЫ, СҮТ БЕЗІ ОБЫРЫ, ІШЕК ҚАТЕРЛІ ІСІГІ
Ядролық медицина және онкология орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Татьяна Ивановна Белихина да радиацияның әсері ғылыми тұрғыдан жетінші ұрпаққа дейін әсер ететінін растады.
«Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, ең болмағанда жеті ұрпақты бақылау, зерттеу қажет. Мысалы, Хиросима-Нагасаки жарылыстарынан кейін қаншама жыл өтті, әлі күнге дейін оның зардабы бар. Радиацияның әсерінен қандай аурулар көп тарайды десеңіз, көбіне бұл – онкологиялық дерттер. Біздің облыс – онкоаурулар бойынша антилидер. Бірақ әр ұрпақ үшін бұл онкологиялық дерттердің әртүрлі локализациясы байқалады. 1949-1962 жылдары ядролық сынақтар өткен кезеңде туған адамдар туралы айтсақ, олардың бәрінде дерлік онкологиялық аурулар бар және оның бәріне себеп – ядролық сынақтар. Бірақ шешуші фактор – радиацияның әсер ету дозасы. Асқазан обыры, сүт безі обыры, ішек қатерлі ісігі көп кездесті. Егер 20 Зв-тен жоғары дозада радиацияға ұшыраса, онда әр түрлі туа біткен ауытқулар да болады», - дейді маман.
Ядролық медицина және онкология орталығы – Қазақстандағы жалғыз қалқанша безінің қатерлі ісігін радиофармацевтикалық препараттармен емдейтін мекеме.
«Біздің орталық көбіне жаңа технологияларды енгізумен айналысады. Яғни, бейбіт атом, онкоауруларды емдеу үшін атом қаруын қолдану технологиясын енгізумен айналысамыз. Радиацияға ұшыраған жандардың ұрпағы ерекше бақылауда болуы тиіс. Өйткені ауру туындау қауіп туралы айтып тұрмыз. ДНҚ туралы айтсақ, геномның тұрақсыздық теориясы бойынша, радиацияға ұшыраған жан кейде қауіпсіз шарттарға сәйкес, радиация көрмеген адамнан да сау болуы мүмкін. Жапония тәжірибесін мысалға келтірсем, «хибакуся», яғни, жарылыстан зардап шеккен жандар көбіне ұзақ өмір сүреді. Ең біріншіден, адам өз денсаулығын бірінші орынға қоюы керек. Сауықтыру жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл – қазіргі заман медицинасының басты шарты. Онкоауруларға шалдығудың радиациядан бөлек, он шақты басқа да негізгі себептер бар», - дейді Татьяна Ивановна.
ҚАЗАҚСТАН-ЖАПОНИЯ КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
«Семей-Хиросима «Полигон» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Талғат Молдағалиев пен Семей қаласы мәслихатының депутаты Шолпан Сапарқызы бірлесіп ашқан қоғамдық қор 24 жыл бойы ядролық полигонның зардабын зерттеумен айналысып келеді. Хиросима Университетінің профессоры Нориюки Кавано да бірлесіп, бұл тақырыпты зерттеуге атсалысуда.
«Кавано сенсей бізбен 24 жыл жұмыс істейді, жылына 1-2 рет Қазақстанға келеді. Талғат Молдағалиев та Жапонияға жылына 1-2 рет барып, Хиросимада профессор ретінде жұмыс істеді. Ол кезде Талғат Жұмасейітұлы Радиология және медицина ҒЗИ директоры болып жұмыс істеді. Біз бастаған істі жалғастыру үшін қоғамдық қорды бірлесіп ашуды шештік», - дейді қор жұмысы туралы Шолпан Сапарқызы.
РАДИАЦИЯДАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР САНЫ ӘЛДЕҚАЙДА КӨП
Талғат Жұмасейітұлының зардап шеккендер бойынша бірегей әлемдік маңызы бар бірыңғай тіркелімді құру бойынша авторлық құқығы бар.
«Біз ауқымды зерттеу жұмысын жүргізуіміз керек, балалардағы мүгедектік категориялары бойынша аурулардың саны мен тізімін анықтау – басты мақсатымыз. Яғни, ресми статистикамен салыстырғанда, аймақта денсаулығы жоқ балалар саны әлдеқайда көп. Осыны дәлелдеп, заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Содан кейін мүгедектік санатын аурудан зардап шегіп жүрген балаларға бере аламыз, осылайша оларды әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етеміз», - дейді Шолпан Сапарқызы.
Ал қоғамдық қор ұйымдастырған Қазақстан-Жапония коммуникациялық шығармашылық мектеп ашып, балаларға домбыра ойнау, оригами өнерін және мүмкіндігі шектеулі балаларға жапон тілін тегін үйренуге жағдай жасаған.
БАҚ-та күнделікті жариялана бермейтін, алайда Семейде әркез атқарылып жатқан радиациямен күрес жөніндегі шаралардың бір тарамы осындай.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН