Мұнай өндірісі: «Қолдан жасалған қиындық па, әлде қастандық па?»
«Mangystau Oil Refining» компаниясы аталған саладағы қордаланған мәселелерді айтты
Қазір Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығына қатысты мәселе өткір тұр. Бір қарағанда, қойнауы «қара алтынға» толы елде тап осындай жағдайдың орын алуы қиял-ғажайып ертегінің желісіне ұқсайды. Екінші жағынан сол жоқшылық та, тапшылық та қолдан жасалған қастандық па дерсің?! Бұлай деуімізге салмақты себеп те жоқ емес. Бұл туралы «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыты ұйымдастырған баспасөз турында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осыдан тура алты жыл бұрын ашылған өндіріс орны алдағы бір-екі жылда еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қатарын әп-сәтте толықтырар еді. Бірақ... ойдағы нәрсенің оп-оңай орындала қоюы екіталай.
Ендеше, Ақтау қаласының бір қиырынан еліміздің төртінші мұнай өңдеу зауытын ашуға не кедергі? Бұған мемлекеттің өзі мүдделі емес пе? Әлде мемлекеттік саясат пен отандық өнімді өрістету – екеуі ай мен күндей екі бөлек әлем бе? Міне, осы және өзге де сұрақтарға жауап алуға баспасөз турында тамаша мүмкіндік туды.
«Mangystau Oil Refining» компаниясының директор орынбасары Қуаныш Тайгуков пен мекеме өкілі Абдыманап Исабаев сансыз сауалмен қаруланған журналистер қауымын зауыт алдынан күтіп алды. Олар бізді зауыт тарихымен және осындағы жұмыс барысымен таныстырып, қордаланған мәселелерді жеткізуге асықты.
Алдымен аталған компания туралы қысқаша ақпар берер болсақ, ол 2017 жылдан бері мұнай өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Аз уақытта көп іс тындырылды деуге болады. Айталық, ашылмай жатып бір жылда 28 мың тонна өнім өндірген кәсіпорын қуаты биылғы жартыжылдықтың өзінде 125 мың тоннаға жетіп қалыпты. Ал жалпы жылдық өндіріс қуаты 300 мың тоннаны құрайды.
Мұнайдың орыс тіліндегі баламасы «нефть» сөзі гректің «нафта» («жарып шығар қасиеті бар» деген мағынаға ие) сөзінен шыққанын бірі білсе, бірі білмес. Ендеше, мұнай айдаудың алғашқы кезеңінде алынатын зат та нафта деп аталады. Осы өнімді өндіруге компания екі жыл бұрын кіріскен екен. Оған Еуропа елдері ерекше қызығушылық танытып, сатып ала бастапты. Есесіне, бір жыл өтер-өтпестен нафта өндірісі мың жарым тоннадан 55 мың тоннаға бір-ақ жеткен.
Тағы бір мақтанышпен атап өтерлік жайт – өндіріс орны 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр және бәрі де ел азаматтары.
Үшіншіден, компания өнімі түгелге жуық акцизделген. Яғни, жанама салықпен мемлекеттің қалтасын қампайтып отыр деген сөз. Нақтылай кетсек, «Mangystau Oil Refining» жұмысын бастағалы 4 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Әрі, Маңғыстау облысын толықтай дизель отынымен қамтып отыр. Ал Қазақстанда жұмыс жасап жатқан отыз шақты шағын мұнай өңдеу зауытының көбісі акцизделмейтін мазут пен пеш отынын ғана шығарады.
Енді, әңгіменің басында көтерілген мәселеге қайта оралсақ. Сонымен, өзіміз аяқтай барып куә болған зауыттың ілкімді істерін одан әрі ілгерілетуге не кедергі?
«Биыл наурыз айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқасына мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салу жөнінде Энергетика министрлігінің бұйрығы шықты. Бұл өнімдер қатарында нафта да бар. Бұған тікелей көршілес Ресей мемлекеті ықпал етіп отыр. Мұндай шешімге келмес бұрын өнім өндірушілермен ақылдасуға болар еді ғой. Қалай десек те, «келісіп пішкен тон келте болмайды» демеуші ме еді? Енді осының салдарынан компаниямыздың өндіріс ауқымын кеңейту жөніндегі жоспары күл-талқан болды. Ал министрлік тарапынан ешқандай қолдау болмай тұр. Заңға тиісті өзгеріс енгізуге ешкім асықпайды. Сонда таңнын атысынан күннің батысына дейін ел экономикасын еселеу үшін еңбек етіп жүрген отандық өндірушілерге ешқандай жеңілдік жасалмағаны ма?!», - деп ашынады компания өкілі Абдыманап Исабаев.
Расымен де, мемлекет қиын шақта қолтықтан демеп жіберсе, елімізде жылдық қуаты миллион тоннаға дейін жететін төртінші мұнай өңдеу зауыты пайда болар еді. Бұл бос сөз емес! Өзіңіз ойлаңызшы, егер компания кеңеюді жоспарламаған болса, 15 милилард теңге көлемінде кредит алар ма еді? Осы қаражатты алу үшін барлық мүлкін кепілге қойып отыр емес пе? Тіпті, Қытайдан қажетті құрал-жабдық алу үшін арнайы келісімшарт та жасасқан. Сондай-ақ, өзара әріптестік және инвестициялық жобаны жүзеге асыру бағытында облыстық әкімдікпен меморандумға отырғаны тағы бар.
«Былтыр осындай уақытта біздің компания шағын қуатты зауыт сатып алды. Түркістан облысында орналасқан «STRATUS-Oil» кәсіпорны жылына 250 мың тонна өнім береді. Үш жыл бұрын банкрот деп танылып, содан бері қарай тоғыз рет саттыққа шығарылған. Құнын қанша төмендетсе де, бізге дейін ешкім қызығушылық таныта қоймаған. Ақыры оны біз 2 млрд теңгеге сатып алдық. Бұрынғы қожайыны Мақсат Тасболатов банкроттық пен сатылымға қатысты сотқа шағым түсірді. Бұл іс қазір Жоғары сотта қаралып жатыр. Ал шындығына келсек, бұрынғы зауыт иесі жалақы төлемей, жұмыс орындарын қысқартып тастаған. Қазір онда алпысқа жуық адамды жұмысқа орналастырдық. Алға қарай тағы отыз адам қосылады.
Менің ойымша, мемлекет өз қолын өзі байлап отыр. Егер отандық өндірістің өркендеуіне қолдан кедергі жасалмаса, Қостанай секілді дизель отынына жарымай жатқан аймақтардың біразын жанармаймен жарылқауға болар еді. Әттең, бізді еститін Үкімет жоқ. Ең болмаса, біздің айқайымызды жоғары жаққа журналистер жеткізеді деп сенемін», - дейді компания директорының орынбасары Қуаныш Тайгуков.
Біз зауыт ішін аралай жүріп, көмірсутек шикізатын қайта өңдеу цехына бас сұқтық. Цех басшысы Алексей Райгородский нафтаны сатуға тыйым салу – Үкімет тарапынан жасалған ең үлкен қателік деп санайды. Себебі, бұл жергілікті компанияның одан әрі өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізеді.
«Кейбір жер қойнауын пайдаланушылардан мұнай алу үшін құбыр жүргізуге тура келеді. Бұл бойынша талай келіссөздер де жүргізілді. Бірақ, бұған «алдымен өндіріс қуатын арттыру қажет» деген жауап алдық. Ал Үкіметтің өзі тұяғымызға тұсау салып, тыпырлатпай тұрса, қайдан қалай қуат аламыз? Осыдан соң тұрақты даму туралы әңгіме айту тіптен қиын ғой. Сондықтан белгілі бір қаулы шығармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек-ақ! Отандық өнім өндірушілерге осылай қасақана қолдан қиындықтар жасала берсе, экономика көп ұзамай тығырыққа тіреледі. Олай болса, қазірден мұнай химиясын жөнге салып алу керек. Әйтпесе, ісіміз алға баспайтыны айдан анық», - дейді цех басшысы.
Иә, етек жиып, ес жиып егемен ел атанғалы талай өркениетті елдермен терезе теңестіріп, тәжірибе алмастық. Міне, соның бәрі жер астындағы «қара алтынның» қадір-қасиетінің арқасында келді десек, артық айтқандық болмас. Ғасырдан аса уақыт ішінде «қара алтын» Қазақ елінің абыройын асқақтатып, беделін биіктетті емес пе? Ендеше, озық отыз елдің тізімінен табылғымыз келсе, мұнай-химия саласын дамыту керек. Демек, осы саладағы отандық өнім өндірушілерге мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Осындай оймен біз «Mangystau Oil Refining» зауытының еңбекқор ұжымымен қимай қоштастық. Ендеше, бұл жерге келесі келгенде тек ішкі нарықты ғана емес, күллі Еуропаны жанармаймен жарылқап отырған алпауыт кәсіпорынды көрейік деп тілейік!