Қыркүйектен бастап, шаһар аумағына кіріп-шығуға рұқсат етілгендердің тізімі жасалмақшы
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі елордаға көшіп келушілер санына шектеу қоюға ниетті. Қазір шенеуніктер арнайы заңнамаға түзетулер мен өзгерістер енгізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Жазда сумен, қыста жылумен қамту қала шылбырын ұстаған атқамінерлердің кәдімгідей бас аурына айналған. Қыркүйектен бастап, шаһар аумағына кіріп-шығуға рұқсат етілгендердің тізімі жасалмақшы.
«Қазір Астанаға кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтындығын анықтау бойынша миграция мәселесі талқыланып жатыр. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды қамтитын болады. Қыркүйекте алғашқы мәліметтерді айтатын боламыз», деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Асқарбек Ертаев.
Алайда демографтар миграцияны реттеуде халық санын шектеу адам құқықтарын таптаумен тең деп отыр.
«Конституция бойынша біз әр жаққа көшіп-қонуға еріктіміз. Енгізілейін деп жатқан өзгерістер, ең бірінші кезекте, біздің конститутциялық құқықтарымызды шектемеуі керек. Айналып келгенде, өңірлерде тұрмыс деңгейі, жалақы мөлшері, экология, медицина, білім сапасы жақсы болса, онда ешкім алысқа көшуге талпынбайды», дейді демограф Аяулым Сағынбаева.
Осы жерде туып-өскен танымал сәулетші Аманжол Чиканаев қазақ астанасы құрылысының авторы жапондық Кисе Курокава, әу бастан-ақ, бас жоспарды сызғанда оңбай қателескенін айтады. Көшелер тар, ғимараттардың алшақтығы 500 мың адамға ғана шақталыпты. Көзге ұрып тұрған олқылықты талқылауда Чиканаев Курокаваның талай рет бетіне басқан. Десе де енді миграцияны шектегеннен басқа амал жоқ.
«Біз реттеуіміз керек. Халық көбейіп жатыр, Астанамыз үлкейіп жатыр деп қуанудың қажеті жоқ. Біз өте үлкен проблемаларды қордалап аламыз, қаланы өсіреміз деп. Су жетіспейді» дейді Сәулетші Аманжол Чиканаев.
Астананың халқын жалғыз Вячеслав су қоймасы есебінен қазір қамтып отырмыз. Қала билігі жетіспеген қосымша су ресурсын Нұра жерасты құбырын салу арқылы шешпекші. Алайда бұл құрылыстың қашан бассталатыны әзірге уақыты белгісіз. Белгілісі еңбек министрлігінде құрылған арнайы топ миграцияны шектеудің қалай жүзеге асатындығын қыркүйекте жариялайтын болды. Жауапты ведомство тек сол кезде қалаға кімнің кіріп, кімнің шыға алатынын айтамыз деп отыр.