Шымкентте прокуратура кеңсесінде ер адам өзін-өзі өртеп жібермекші болды
Оқыс оқиға бүгін болған
Шымкент қалалық прокуратурасының кеңсесіне бір топ адаммен келген ер адам өзін-өзі өртемек болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқыс оқиға 28 тамызда сағат 11-47 шамасында орын алған.
Шымкент қаласы прокуратурасының фронт офисіне 15-ке жуық азамат Еңбекші ауданының полиция басқармасымен тергелген қылмыстық іс бойынша қабылданған шешіммен келіспейтінін айтып, келген шағымы бойынша қала прокурорының жеке қабылдауын талап еткен.
«Шымкент қаласы прокуратурасының кезекші прокуроры түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында келгендердің ішінен бір ер азамат жанар-жағармайды үстіне құйып, өз-өзін өртеуге оқталған. Прокуратура қызметкерлерінің тез арада әрекет етуінің нәтижесінде өз-өзін өртеу фактісі болдырылмады», делінген қалалық прокуратура баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар қала прокуратурасына келген тұлғалардың арасындағы бір әйел өзін нашар сезініп, жедел жәрдем бригадасы шақырылды, оған медициналық көмек көрсетілді.
«Аталған дерек Әл-Фараби АПБ-ның АЕК-на тіркеліп, қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде. Текеру нәтижесімен аталған азаматтардың әрекеттеріне заңды баға берілетін болады», деп хабарлайды Шымкент қаласының прокуратурасы.