«AMANAT»-тың Жетісу облысындағы Саяси кеңестерінің құрамы 46%-ға жаңарды
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының V есеп беру - сайлау конференциясы өтті
Партиялықтар екі жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алқалы жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция мүшесі Болат Керімбек, Саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Делегаттар партияның аудандық және облыстық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамын бекітті. Осылайша, 1 қалалық және 8 аудандық филиалдардағы Саяси кеңестердің құрамына 86 адам кірді. Биыл аталған кеңестердің құрамы 46%-ға жаңарды. Оның ішінде әйелдер – 34%, ал жастар – 12%. Сонымен қатар, тәжірибесі мол, беделі бар партия мүшелері Саяси кеңестердің құрамында қалды.
Өз кезегінде, «AMANAT»-тың Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Кейінгі екі жылда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ұлттық мұра» жобалары аясында 440 мыңнан астам адамды қамти отырып, 4884 -ден астам іс-шара өткізілді.
«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жоба аясында Жетісу облысына 3,2 млрд.теңге бөлінді. Бүгінде 1,6 млрд. теңгеге 268 өтініш қабылданды, оның 219 өтінімі мақұлданып, 40 өтінімге несие берілді» – деді Арыстанғали Арын.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев тұрғындардың әлеуметтік - экономикалық әл-ауқатын жақсарту мен партия жұмысын күшейту бағытындағы алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті.
«Өңірде 145 бастауыш партия ұйымы бар. Олар - партияның сенімді серіктері мен қозғаушы күші. Ендігі міндет - сайлаушыларға берген уәделерді дер кезінде орындау. Бұл тұрғыда қазір ең бастысы - шынайы болу. Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруда санға емес, сапаға мән беру қажет. Бұл – «AMANAT»-тың басты ұстанымы», - деді Е.Жылқыбаев.
Ал Жетісу облысы мәслихатындағы «AMANAT» депутаттарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде депутаттық фракция мүшесі Жанат Оспанов баяндады. Халық қалаулылары азаматтарды қабылдап, партиядағы қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысып, «AMANAT»-тың өңірлік сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Жетісу облысы - қант орталығына айналады. Сондықтан басты міндеттердің бірі қант қызылшасын себу алаңын 12 мың гектарға дейін көбейту міндеті тұр. Бүгінгі таңда облыс бойынша 8,5 мың гектар қант қызылшасы егілді.
Жетісу облысының аумағында 103,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 7154 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды және 428 кәсіпорын іске қосылды. Сондай-ақ, 3 мектеп бой көтеріп, 15 оқу ғимараты жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 358 ауылда су құбыры тартылып, 288 мың тұрғыны бар Сарыөзек, Жаркент, Қарабұлақ, Сырымбет, Балпық би, Үштөбе елді мекендеріне газ жүргізілді.
Осы күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Ержан Жылқыбаев Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мәдениет үйлеріне барды.
Нысанға күрделі жөндеу жұмысын мердігер «ГрадСтрой Сервис» ЖШС-і жүргізуде. Жоламан ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 2022 жылдың қазан айында басталған. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, құрылысты аяқтау мерзімі биыл 30-шы тамызға жоспарланған.
Айта кетейік, Жетісу облысында 36 мыңнан астам партия мүшесін біріктіретін 9 аумақтық филиал, 145 бастауыш партия ұйымы бар.