Президент қазақ-қырғыз шекарасындағы мәселені реттеуді тапсырды

Автор: Azattyq Rýhy

Заңсыз тауар тасымалына жол берілмеу керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді тапсырды, деп хабарлады Азаттық рухы тілшісі.

Сондай-ақ тауарларды шекара арқылы заңсыз тасымалдауға жол бермеу үшін цифрландыру мен автоматтандыруды неғұрлым белсенді енгізу мәселесі бойынша қырғыз тарапымен келіссөздерді жалғастыру қажет екені атап етілді.

Еске салайық, қазақ-қырғыз шекарасындағы «Ақ тілек -автожол» өткізу пунктінде бірнеше тәулік қатарынан көлік кептелісі пайда болды. Қырғыз Республикасы МҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 23 тамызда «Ак-Тілек-автодорожный» бақылау-өткізу бекетінің алдында 493 жүк көлігі мен «Кен-Булун-автодорожный» бақылау-өткізу бекетінде 146 көлік тұрды.

Қырғыз тарапы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-саттық жасау талабын бұзып отыр деп арнайы мәлімдеме таратты. 10 тамыз күні Киров су қоймасынан су беруді тоқтатқан соң Қазақстан тарапының көрсеткен қиқалаңы деп топшылады.

Алайда, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл жылда болатын қалыпты жағдай екенін түсіндірді. Қаржы министрі де, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бұл жағдайдың суға еш қатысы жоқ, деп түсіндірді.

«Ол жерде кеден жоқ, себебі ол ЕАЭО-ның ішкі шекарасы саналады. Менің білуімше, онда есірткіні тәркілеу операциясы ұйымдастырылған. Сондықтан қазір шекара қызметі мен ҰҚК тыңғылықты тексеру жасап жатқан болар», - деді Е. Жамаубав.

24 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссияның мониторинг тобы 24 қазақ-қырғыз шекарасында болып, қырғыз халықаралық тасымалдаушыларының автожол өткізу бекетінің қызметімен танысты.

Авторы: Сымбат Ғалымжан