$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.08.2023, 13:41
Қоғам

Жаңа оқу жылы: білім саласындағы шешімін таппаған мәселелер

Есігін айқара ашуға әлі дайын емес мектептер мен үш ауысымда оқу мәселесі 1 қыркүйекке дейін шешілмейді

Жаңа оқу жылы: білім саласындағы шешімін таппаған мәселелер

Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Осы орайда, Азаттық рухы тілшісі білім саласындағы түйіні шешілмеген мәселелерге шолу жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ЕЛІМІЗДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА НЕШЕ МЕКТЕП ДАЙЫН ЕМЕС

Еліміздің 66 мектебінде биыл алғашқы қоңырау соғылмауы мүмкін. Жаңа оқу жылының басталуына бір аптадан аз уақыт қалса да, нысандарда жөндеу жұмысы әлі бітпеген. Ал 18 білім ошағының құрылысы келер жылға қалды. Сонымен қатар, жаңадан ашылуы тиіс деп жоспарланған 52 мектептің 15-і әлі құрылысы аяқталмай тұр. Елде онсыз да мектеп тапшы. Оған енді құрылыс мәселесі қосылды. Бұл туралы еліміздің бас мұғалімі айтты.

«260 мектептің күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқаны белгілі. 194 білім ордасының 1 қыркүйекке дейін берілуі көзделген. Бірақ күнделікті жүргізіп отырған мониторинг арқасында 14 мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін бітпей қалу қаупі бар. Біз қазір әкімдіктерге қолға алуды айтып отырмыз», - деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын үлгермей қалуы мүмкін, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар.

1,1 МЛН ОҚУШЫҒА ОРЫН ЖЕТПЕУІ МҮМКІН

Жыл сайын жыр болған үш ауысымды мектеп мәселесі тағы бар. Биылғы оқу жылында 65 600 оқушыға жаңа орын ашылмақ. Алайда, оқушы санының жыл сайын өсуіне орай, 2026 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығы 1,1 млн-ға жетуі мүмкін.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Қаржы және бюджеттің жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш айтты.

«Баршаңызға мәлім, Қазақстанда 3,9 млн оқушы бар. 7 700-ге жуық мектеп жұмыс істеп. Осы орайда орта білім беру саласында ең өзекті мәселе – оқушы орындарының үнемі жетіспеуі. Әсіресе, бұл мәселе ірі қалаларға қатысты. Ол туралы көптеген әңгіме айтылып, талқыланып жатыр. Статистикаға жүгінсек, Тәуелсіздік жылдары мектептер 1,6 мың бірлікке қысқарды. 2 026 жылға дейін оқушылар контингенті 4,5 млн балаға өседі деген болжам бар. Оқушы орындарының тапшылығы 1,1 млн-ға жетуі мүмкін. Осы күрделі мәселені шешу үшін мемлекет басшысының бастамасымен ел тарихында алғаш рет ауқымды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылды», - дейді ол.

ЖЫР БОЛҒАН ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ҚАШАН ТАБАДЫ?

Қаржы және бюджеттің жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаштың айтуынша, үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынатын оқу ордалары бұрынғыдан едеуір ерекшеленеді.

«Оларды атап өтейін:

Жайлы мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандартпен салынып, мектептер пәндік кабинеттер және зертханалармен толық жабдықталады;

1-4 сынып оқушылары және 5-11 сынып оқушылары үшін ғимараттар бөлек блоктардан тұрады;

Мектептің спорт залдары 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналасады. Олар оқушылардың санына сай есептеледі;

Әрбір мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған арнайы шеберханалар, студиялар қарастырылады;

Осы және басқа да өзгешеліктер балаларымыздың тағдыры мен құзыреттілігін жан-жақты дамытуға бағытталған», - дейді спикер.

ЖАҢА ФОРМАТТЫ МЕКТЕПТЕР

Алдағы 2 жылда жаңа форматтағы мектептер пайда болады. Қалаларда және белсінді дамып келе жатқан перспективкасы бар елді мекендерде жобалық қуаты 300-ден 2 500-ге дейін 369 мектепті салу арқылы 740 мың жаңа оқушы орнын құру жоспарланып отыр, деді спикер.

«Біздің бақылауымыз бойынша, қазір мектептерді салу 2 жылдан 5 жылға дейін созылады. Бұл халықтың наразылығын, педагогтар мен оқушыларға ыңғайсыздық турады. Одан басқа, мектепті салу қымбатқа түседі. Өздеріңіз білесіздер, баға бір орнында тұрмайды. Сол проблемаларды шешу үшін қазір біз APC келісімшарты бойынша басты мердігерлерді таңдап, олармен жұмыс істеп жатырмыз. APC келісімшарты бойынша мектептің жобалауынан бастап, құрылыстың жүргізу, мектепті жабдықтау толық бір бас мердігер жүргізетін болады және ол жұмысқа толық өзі жауап береді», - деді Ғалымжан Молдаш.

Қазір 217 мектептің құрылысы бойынша жер учаскелерін бөлу және қажет құжаттарды әзірлеу келісімшарты жасалып жатыр. Өңірлердің әкімдіктері құрылыс объектілерін қажет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, автобус маршруттары және аялдамалармен қамтамасыз етеді.

«Жайлы мектептер» толық отандық тауар өндіруші шығарған жиһазбен қамтамасыз етіледі. Заманауи физика, химия және биология зертханалары, пәндік зертханалармен, IT-cыныптармен, степ және робототехника зертханасымен жабдықталады.

Ұлттық жобаны іске асыруға 30-дан астам мемлекеттік орган мен ұйымдар жұмылдырылған. Білім ордаларын сапалы тұрғызып, дер кезінде пайдалануға беру жауапкершілігі "Samruk-Kazyna Construction"АҚ мен өңірлердің әкімдіктеріне жүктелген. 2,4 трлн теңгеге 369 мектеп салуды көздейтін «Жайлы мектеп» жобасы үш ауысымды мектеп мәселесін түбегейлі шеше ме - уақыттың еншісінде.

Автор: Сымбат Ғалымжан

Серіктес жаңалықтары