Damu Logistics компаниясы коронавирусқа қарсы іс-қимыл қорына 30 млн теңге бөлді

Автор: Azattyq Rýhy

Damu Logistics индустриалды-логистикалық орталығы Елбасы бастамасына қолдау білдірді

Фото: ашық дереккөзден

20 наурызда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына және кәсіпкерлерге үндеу жариялап, республикалық коронавирусқа қарсы іс-қимыл қорын құру туралы ұсыныс жасады. Елбасы үндеуінде осындай қиын жағдайда отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенетінін айтты.

Damu Logistics индустриалды-логистикалық орталығы Тұңғыш Президенттің бұл бастамасын қолдап, еліміз көмекке мұқтаж сәтте бұғып қалмай, ортақ іске атсалысатынын жеткізді. Орталықтың баспасөз орталығы хабарлағандай, Damu Logistics компаниясының акционері Сәкен Тойлыбаев 2020 жылдың 23 наурызында ортақ іске өз үлесін қосуға шешім қабылдап, коронавирусқа қарсы іс-қимыл қорына 30 млн теңге көлемінде қаржы бөлді.

«Мұндай қиын сәтте ешкім бұғып қалмауы керек. Бірге көтерген жүк жеңіл болар демекші, бұл да бір өтпелі кезең. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!», - дейді Сәкен Тойлыбаев.

Компания құрылған күннен бастап әлеуметтік жауапкершілік, меншік және азаматтық ынтымақтастық қағидасын ұстанып, қайырымдылық жұмыстарына белсенді атсалысып, халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсетіп келеді. 2020 жылдың басынан бастап қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бойынша бірқатар шаралар қабылданды, оның ішінде жалақыны көтеру және әлеуметтік төлем мөлшерін арттыру шаралары да бар. Сондай-ақ, компания басшылығы қазіргі карантин жағдайында және төтенше жағдай кезінде барлық жұмыс орындары сақталатынын айтты.