Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының бұрынғы басшысы Е.Б. Үмбетке қатысты пара алғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткізген брифингте 1-ші департаменттің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров мәлім етті. Оның айтуынша, 19 наурызда Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының үкімімен шенеунік 4,5 жылға бас бостандығынан айрылды.
«Ол коммерциялық семинар өткізуге «Шымкент циркі» МКК залын жалға алуда цирк кассасына іс жүзінде қаражат төлеместен, қосымша уақыт бөлуге жәрдемдескені үшін кәсіпорын өкілінен 300 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін күдікті болған», - деді Данияр Бигайдаров.
Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айрылды.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан