Әбден күйінген азаматтар тіпті жылдық зейнетақы төлемін де алмаған
Атырауда 2 айдан бері жалақысын ала алмай жүрген азаматтар облыстық әкімдіктің алдына жиналып, шу шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Олар маңдай термен тапқан ақымызды берсін деп талап қойды. Жайық өзенінің арнасын тазалаумен айналысатындар осы себепті жұмысын да тоқтатыпты. Әбден күйінген азаматтар тіпті жылдық зейнетақы төлемін де алмаған. Жайық өзенінің арнасын тазалаумен айналысатындардың дені оператор, енді бірі шіріген құбырларды тазалайды.
«Бұл мәселе былтыр маусымда басталған еді. Ақшамызды күнде ертең береміз деп сендіріп келеді. Бәріміздің отбасымыз бар. Оларды асырауымыз керек»,– деді қала тұрғыны Болат Қожамұратов
Әкімдік алдына жиналған азаматтардың назын тыңдауға құрылысқа жауапты шенеунік шықты. Ол мәселеден бейхабар екенін айтып, бірден сол жерде мердігер мекеме басшысына хабарласты.
«Біз жалақы не үшін төленбегенін және мердігер компания тарапынан кеткен қателіктерді инспекцияны шақыртып, ары қарай шешу мәселесін қарастыратын боламыз. Сонымен қатар зейнетақы жинағы не себепті жоқ, соны анықтаймыз», – деді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Ал құрылыс компаниясының басшысы жұмысшылардың мәселесін бүгіннен қалдырмай шешеміз деді. Жалақыларын береміз деп сендірді.
Мұндай жауаптан кейін жиналғандар талабымыз орындалмайынша, соңына дейін күресеміз деп тарқасты.
Айта кетейік, Жайық өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарына қазынадан 5 жарым млрд теңге бөлініпті. Бұл жұмыстар жыл соңында аяқталады екен.