«Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті»: Президент Алматыны дамыту жөнінде кеңес өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Кеңес барысында қаланың бірқатар салаларында қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдары талқыланды

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы былтыр күзде Алматы жұртшылығымен кездесу барысында қаланы дамытудың басты бағыттары айқындалғанын атап өтіп, нәтижесінде Алматыны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, шаһардың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сәлеме жасап.

«Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ орталық ретінде дамиды. Сонда орталықтағы қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада тұрғындар саны орташа алғанда жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақтылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында қаланың коммуналдық, жол және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Жиын барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі.

Сонымен қатар, Президент Алматы қаласын дамытуға қатысты негізгі проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы таяуда «Ақкент» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды.

Президент Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.