Шенеуніктер мен әскерилерге казиноға баруға неге тыйым салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Әдеп жағынан осындай шектеу енгізілмек

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев шенеуніктердің казино ойнауын шектеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Менің жеке және Агенттіктің ұстанымы бойынша, мемлекеттік қызметшілердің казиноға баруына қарсылық қойып отырмыз. Бұл норманы әдеп жағынан енгіздік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңға байланысты қазір жұмыс жүргізіп жатыр. Оған қатысты қосымша ақпарат береміз», - деді Жазықбаев.

Естеріңізге салсақ, құжат Ашық НҚА сайтында талқылауға шығарылған еді. Заңға өзгерістер енгізуге арналған құжат 28 тамызға дейін талқыланады.

«Іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу, оның ішінде қызметтік қажеттілікке байланысты баруды қоспағанда, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемесіне барудан тартыну ұсынылған», - делінген құжатта.