$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Тротуар да болмаған»: депутаттар абаттандырылған қоғамдық орындарды аралады

Олар тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қала жасау керек дейді

«Тротуар да болмаған»: депутаттар абаттандырылған қоғамдық орындарды аралады

«AMANAT» партиясының депутаттары сайлауалды бағдарламасының жол картасына сәйкес қаланың қоғамдық орындарында тұрғындарға жасалған жайлылық деңгейімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Халық қалаулылары Байқоңыр ауданында орналасқан қоғамдық орын Журналистер аллеясына барды.

Жылдың басында  елорданы дамыту туралы  кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада саябақтар аз екенін айтты.

«Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз.Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын ала ойластыру керек»,- деген еді Мемлекет басшысы.

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов осы сын аясында қазір бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

«Астана адамдарға жайлы қала болуы керек. Қауіпсіз, жайлы, серуендейтін шаһарға айналуы керек. Жаңа, ескі аудандардан саябақтардың болуы аса маңызды. Себебі осы аумақтарда тұратын тұрғындар отбасымен серуендейтін, көңіл көтеретін қоғамдық орындардың неғұрлым көп болғаны жақсы. Қала тұрғындарға жайлы болмаса, көңіл көншітпейді. Біз депутат ретінде осындай бастамаларға қаржы бөлініп, жүзеге асырылуын қадағалауымыз керек. Сол жағалаудағы Есіл ауданына ғана емес, Байқоңыр сынды аудандарда да қоғамдық орындардың көп болуына назар аудару керек», - деді Бәшімов.

Депутаттың айтуынша, қазіргі заманғы, дамыған қалалардың барлығында қоғамдық орындарды дамыту басымдыққа ие.

«Тұрғындар тас пен бетонның ортасында қамалып қалмауы керек. Астанадан барлық өзге қала үлгі алуы керек. Тұрғындарға жайлы, қауіпсіз қала қалыптастыру аса маңызды. Себебі осыған дейін кей ауданда қарапайым жүретін тротуар да болмаған», - деді ол.

Өз кезегінде депутат Павел Казанцев партияның жол картасындағы нысандарды бақылауды халық қалаулылары жүзеге асыратынын айтты.

«Біз бүгін қоғамдық кеңістіктерді аралап жүрміз. Себебі қарқынды дамып жатқан үлкен шаһарда демалу орындары кенжелеп қалады.Байқоңыр ауданында өткен жылы екі қоғамдық орын болса, биыл олардың саны 9-ға жетуі керек. Ол бағдарламада көрсетілген. Журналистер аллеясында бұрын жылу беру магистралі болатын. Оған қоса бұл жерде бірқатар тұрғын үй салынды. Олар жастарға арналған. Сол үшін де осындай қоғамдық кеңістіктер қажет», - деді ол.

Депутат атағандай, олар дейін және кейін қалай болғанын бақылап қана қоймай, материалдардың отандық үлесін де бақылап жүр.

«Қазақстандық қамту қаншалықты екенін бақылаймыз. Бұл саябақты толық отандық компаниялар қамтамасыз еткен. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі бізде баршатас, мүсін мен метал құрылымдарының барлығы Қазақстанда жасалған. Бұл экономка мен әлеуметтік қолдаудан бөлек тұрғындардың денсаулығын қолдау ретінде қоғамдық кеңістіктерді дамытуды айтуға болады. Біз бүгін тағы мектептің құрылысын қараймыз. Себебі 1 қыркүйек те жақын. Ол да жол картасында бар. 1 қыркүйекке дейін біз жылумен қамту орындарын қайта аралаймыз», - деді Казанцев.

Оның айтуынша, қоғамдық кеңістіктер мен абаттандыру жұмыстарын әкімдік жүзеге асыруы керек.

«Бизнес те ондай жауапкершілікті алуы керек. Олар мердігер ретінде тапсырысты орындауы мүмкін. Ал меценаттардың да істеген жұмыстары баршылық. Олардың көлемін арттыру керек. Мердігер компания тұрғын үйдің айналасын абаттандыруы керек. Ал нысанаралық кеңістікті әкімдік жүзеге асыруы керек», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары