Жалған қызметкер қажетті соманың екінші жартысын алу кезінде парамен ұсталды
Өзін фискалды орган қызметкері ретінде таныстырып, Астана кәсіпкерлерінен сыйақы талап етіп келген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
«ҚМА Ішкі қауіпсіздік департаменті елордалық экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп өзін фискалдық органдардың қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді ойдан шығарылған қамқорлық үшін заңсыз сыйақы беруге мәжбүрлеген азаматты ұстады.
Жүргізіліп жатқан тергеу материалдарына сәйкес, күдікті кәсіпкерге моральдық қысым көрсетіп, 300 мың теңге ақша талап еткен.
Бұл жайт мессенджердегі хабарлама және аудиожазбалармен расталады.
Жалған қызметкер қажетті соманың екінші жартысын алу кезінде парамен ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген мәліметте.
ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының талаптарына орай тергеу барысының өзге мәліметтері жарияланған жоқ.
Өздерін фискалды және басқа органдардың қызметкері ретінде таныстырғандардың заңсыз сыйақы талап ету, қысым көрсету фактілеріне тап болған кәсіпкерлер Қаржылық мониторинг агенттігінің 1458 телефоны арқылы call-орталығына хабарласа алады.