Криштиану Роналдудың Instagram желісінде жазылушылар саны 600 миллионға жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Жылдан-жылға 38-жастағы шабуылшының танымалдығы артып келеді

«Аль-Наср» клубының португалдық жұлдызды футболшысы Криштиану Роналду Instagram желісінде жазылушылар саны 600 миллионға жеткен алғашқы адам болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Жылдан-жылға 38-жастағы шабуылшының танымалдығы артып келеді. Оның «Манчестер Юнайтед» клубынан Сауд Арабиясы чемпионатына ауысуы футболшының Instagram желісіндегі жазылушылар санын 100 млн адамға арттырды.

Бұл жөнінен рейтинг бойынша екінші орында «Интер Майами» сапында ойнайтын аргентиналық Лионель Месси тұр. Оған аталған әлеуметтік желідегі парақшасына 483 млн адам жазылған.

Өткен демалыс күндерінде Криштиану Роналду Таяу Шығыстағы алғашқы трофейіне қол жеткізді. Ол өз командасы құрамында Араб чемпиондары кубогының иегері атанды.

Ол «Аль-Наср» құрамында «Аль-Хилаль» клубына қарсы бір футболшы кем ойнағанына қарамастан қос голдың авторы атанды. Бұл португалдық жұлдыздың өз мансабындағы 33-ші трофейі болып отыр. Оның 31-і клубтық деңгейде қол жеткізсе, екеуін ұлттық құрама сапында бағындырды.

Чемпиондық трофейден өзге Роналду турнирдің үздік бомбардирі ретінде «Алтын бутсыға» ие болды. Оның еншісінде алты кездесуден кейін алты гол бар. Одан кейінгі орында үш голмен «Аль-Иттихад» шабуылшысы Карим Бензема тұр.