$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде бала тәрбиесімен негізінен аналар айналысады – зерттеу

Астанада «Сенімен Болашақ» III жалпыұлттық ата-аналар форумы өтті

Елімізде бала тәрбиесімен негізінен аналар айналысады – зерттеу

Қазақстанда бала тәрибесімен негізінен аналар айналысады. Мұндай пікір оқу жылының алдында дәстүрлі түрде өтетін «Сенімен Болашақ» III жалпыұлттық ата-аналар форумында айтылды. Сонымен қатар, балаларына қатал қарайтын өңірлер де анықталды. Форумды ұйымдастырушылардың сөзінше, солтүстік өлкеде тұратын ата-аналар өздерінің балаларымен жиі сөйлесіп, көбірек жылылық беруге тырысады. 

«Біз баланың бір ғажайыппен тұлға болып, өздігінен өсіп жетілмейтіндігін жақсы білеміз. Облыстық, республикалық деңгейде, қалада немесе алыс шалғайдағы жиындарымыз болсын, тек саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру мен ата-анаға бала тәрбиесінде қолдау көрсетуге негізделеді.

Биыл көктем-жаз айларында біз Қазақстанның барлық аймағында ата-аналар мен олардың балаларының қарым-қатынасы, сондай-ақ бірге өткізілетін отбасылық уақыттың сапасы мен сипаты туралы түсінік алу үшін әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Бүгін мен сіздермен қазақстандық ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы нәтижелермен бөлісеміз», – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ төрайымы Жансая Бердімұрат.

Оның мәліметінше, әлеуметтік сауалнамаға 33 пен 55 жас аралығындағы 33 мыңға жуық ата-ана қатысқан. Бала тәрбиесі туралы ақпарат берудегі әкелердің үлесі - 37,3%, ал аналар – 62,7% құраған. Одан бөлек 13 пен 17 жас аралығындағы 25 мыңға жуық жасөспірім қатысқан. Қатысушы ата-аналардың көпшілігі – әйел адамдар, яғни аналар. Саналы ата-ананың тәрбиелік құзыреттілігі, баламен сапалы уақытты өткізу, саналы ұрпақты тәрбиелеу және оның өміріне қызығушылық таныту сынды сипатта сауалнама жүргізілген. Сауалнама нәтижесіндегі жауаптар бойынша, бала тәрбиесі негізінен әйелдерге жүктелгені анықталып отыр.

«Саналы тәрбие туралы дискурс салыстырмалы түрде жақында пайда болғанымен, біздің еліміздің ата-аналар қауымы бұдан хабардар және қызығушылық танытуда. Сауалнама нәтижелері бойынша ата-аналардың 51 %-ы бала тәрбиесіне қатысты түрлі басылымдар мен ақпараттық материалдарды үнемі оқиды. Сондай-ақ баламен оң қарым-қатынас құруда аймақтар арасындағы саралау таңқаларлық. Солтүстік аймақтарға қарай неғұрлым оң көрсеткіш, позитив басым. Ақмола, Павлодар, Қостанай, СҚО өңірлерінде ата-аналардың 80 пайызға жуығы баласына жылы сөз айтуды, қалжыңдауды, сүйіп отыруды күнделікті әдетке айналдырған. Оңтүстік облыстарда (Шымкент, Түркестан, Қызылорда, Жамбыл облыстары) бұл көрсеткіш төмен», – деді ол.

Ата-аналардың шамамен 79 %-ы кез келген жағдайда барлық істерін тастап, баласына қамқорлық жасауға дайын екен. Сондай-ақ ата-аналардың 76 % аптаның 1 күнін үнемі баласымен бірге өткізеді, бірақ тәрбиелік мәні өте маңызды болып саналатын, өткізген күнді қорытындылайтын кешкі әңгімелесу әдеті тек ата-аналардың 60 %-ында ғана байқалып отыр.

Форумда ата-аналардың жартысына жуығы демалыс күндерде туыстардың үйіне баруды қалап тұрса, тек 30 % демалыс күндерін балаларымен бірге өткізу үшін шопингке, саябақты аралауға барады. Тек 12 %-ы мәдени іс-шараларға яғни кинотеатрға, концерттерге және театр қойылымдарына балаларын апарады. Баланы еңбекке тәрбиелеумен ата-аналардың 86 % жуығы айналысады, оның 60%-ы еңбек баланың міндеті деп санаса, тек 26 %-ы еңбек тәрбиесіне саналы түрде қарайды. Үй тапсырмасын бірге орындауға мүлдем қытыспайтын ата-аналар да аз емес.

«Бірінші тарапта ата-ана баланың оқу-тәрбиелік міндеттерін орындауға қатысуы баланың эмоционалдық жағдайына оң әсер етеді, стресс пен алаңдаушылық деңгейін төмендетеді. Баланы отбасындағы пікіралмасуға тарту, оның жеке басына құрметпен қарау, бақылау емес, оның өміріндегі оқиғаларды білу, қорқытпау, дұрыс моралдық принцептерді таңдаудың маңыздылығы туралы кеңес беру. Ата-аналардың көбі өз балаларының достарын жеке таниды және біледі, өкінішке қарай, баланы бірлесе отырып тәрбиелеу біздің елімізде әлі дұрыс дағдыланбаған. Бірлескен ата-аналар тәрбиесі деп біз балаларымыздың достарымен қоса ұйымдастырылған іс-шараларды айтамыз», – деп түсіндірді спикерлер.

Қазақстандық балалар үй шаруасына көбірек араласады. Интернетте көп отырады, теледидарды көп көреді және кітапты аз оқиды. Балалардың көпшілігі, яғни  82 %-ы мұғалімдермен жақсы қарым-қатынаста болса да, әлі де қорқыту мәселелері еш жерде жойылмағаны байғалады. Баланың мектептегі өмірі толықтай ашық емес, көлеңкелі тұстары да аз емес.

«Біздің зерттеуіміз қазіргі Қазақстан ата-анасының портретін ашуға, ата-ана мен тұлға тәрбиесінің өзекті мәселелеріне жарық түсіруге көмек берді. Біріншіден, сауалнама бала тәрбиесінің көптеген салаларында бейсаналық қабілетсіздікті растады. Ата-аналарға қолдау, ақпарат, дағдылар мен білім қажет. Балаларымыздың арман құлшынысы мен бақытты сәттеріне шабыттана отырып, біз отбасымыз бен еліміздің жарқын, мазмұнды болашағын құру жолында аянбай еңбек етуді жалғастыру керекпіз», - деді Жансая Бердімұрат.

Серіктес жаңалықтары