Ол Абай мерекесінің тарихы қайда жатқанын айтты
10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бастап Қазақстанда мереке ретінде аталып келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осы орайда тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет Абай күнінің мерекелену тарихын айтып берді.
«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі», - деп атап өтті», - дейді тарихшы.
Тарихшы атағандай, қазақтың бас ақынының айтқан толғақты терең ойлары, адам, қоғам, әлеуметтік орта, уақытқа сәйкес қорытқан ой-пікірлері қай кезеңде де, қандай қоғамда да халқымыз үшін аса маңызды.
«Оның жарқын мысалдарының бірі – архив қорында сақталған тарихи құжаттардың нақтылай түсетіндігі. Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтің туғанына 100 жыл толуына орай» атаулы іс-шаралар өткізу туралы 1940 жылдың 16 мамырында №291 санды қаулы қабылдаған. Бұл қабылданған қаулыдағы атап көрсетілген шаралар қазақ халқының мәдени-қоғамдық өмірінде өзіндік ерекше орын алатын еді», - деді Аққали Ахмет.
Профессордың айтуынша, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысынан аңғаратынымыз бұл айтулы датаға Үкімет тарапынан зор саяси-мәдени мән берілген.
«Қаулы да атап көрсетілгендей Ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуын бүкіл қазақ халқы мәдени мереке ретінде ерекше атап өтуге басты назар аударылған. Қабылданған қаулының тағы бір ерекшілігі мерейлі датаға дайындықты 5 жыл бұрын бастау қарастырылған. Ұлы ақынның туғанына өткізілетін бүкілхалықтық юбилейлік (мерей тойлық) шараны 10 тамыз күні атап өту қаулының бірінші тармағында нақты көрсетілген. Бұның да өзіндік себебі бар. Бұл даталы күн Ұлы Абайдың дүниеге келген күні. Бүкіл халықтық шараны өз дәрежесінде өткізу мақсатында Қазақ КСР ХКК жанынан Үкіметтік Юбилейлік комитет ұйымдастырылып, оның құрамына Н.Оңдасынов, Ә.Тәжібаев, М.Әбдіхалықов , Д.Кулитов, И.Шарипов, комитет мүшелері Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, В.Косунов, Л.Соболев, С.Мұқанов, М.Әуезов, С.Бәйішев, А.И.Шумаков, М.И.Ритман енгізілен», - деді Ахмет.
Оның айтуынша, Комитет құрамына КСРО Жазушылар Одағы төралқасының төрағасы А.АФадеев, жазушы В.А. Рождественскийлердің енгізілуі ұлы ақынның мерейлі тойын КСРО көлемінде де атап өтуде қарастырылғанын көрсетеді.
«Қабылданған қаулыда Юбилейлік комитетке бір ай ішінде ақынның туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың кеңейтілген жұмыс жоспарын жасақтап, Халық комиссарлар кеңесінің қарауына тапсыру міндеттелген және де айтулы іс-шараға үкімет тарапынан бөлінетін қаражат сметасын қарастыру Қаржы халық комиссарлар кеңесіне жүктелген. Қазақ КСР халық ағарту комиссариаты, Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы, Қазақ КСР ХКК жанындағы Өнер істері жөніндегі басқарамасы, Қазақ КСР ХКК жанындағы Мемлекеттік баспа және баспа істері басқарамасы, Қазақ КСР Радио комитеті, Қазақстан Суретшілер Одағы, Қазақстанды зерттеу қоғамы, республикалық орталық газет және журналдар ұжымдарына жергілікті жерлерде өткізілетін аса маңызды іс-шараға тиісінше дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылған», - дейді тарихшы.
Ол соғыстан кейін ақынның 100 жылдығы қалай тойланды дегенге қысқаша тоқтала кетті.
«Жазушы Ә.Шәріпов «Көргенім, көңіліме түйгенім» атты естелігінде: «...Бүкіл халық көңілді. Бүкіл қала халқы Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесіне дайындалып әбігер. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Облыстардан, туысқан республикалардан, Москвадан, Ленинградтан келуде. Мерекеге арналған кеш Опера және балет театрының үйінде өтті. Ол кешке Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Скворцов, екінші хатшысы Ж. Шаяхметов, Қазақстан министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшелері, мәдениет, қоғам ұйымдарының, өндіріс орындарының өкілдері қатысты. Кештен кейін белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен үлкен концерт болды. Тамыз айының 24-і күні КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты мен Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесіне арналған ғылыми сессиясы болып өтті. Сессияны Қ.И. Сәтбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Абайдың өмірі мен шығармалары Н. Сауранбаевтың, М. Сильченконың, Ә. Мәметованың, Р. Лембергтің, Е. Ысмайловтың, А. Ахметовтың, Қ. Мұхаметқановтың баяндамаларында жан-жақты талданып, Абайтану жолындағы баға жетпес тың пікірлер айтылды», - деп жазылғанын айтты ол.
Тарихшы атағандай, бұл мереке Абайдың туған жерінде жалғасқан.
«Баяндама жасағандардан М. Сильченко мен Е. Ысмайлов Үкіметтік Юбилейлік комитет мүшелері. Бұл айтулы шараға қаулыда атап көрсетілген комитет мүшелері М. Әуезов, А.Тоқмағамбетов, Е. Ысмайлов, К. Байсейітова қатысты. Өкініштісі шараға халық ақыны Жамбыл Жабаев қатыса алмады. Ақын 1945 жылдың маусым айында 100 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Мерекелік шара Абай ақынның туған жерінде де жалғасын тапқан», - деді ол.
Тарихышының айтуынша, Абайдың ұлы ойларын қағида ретінде қабылдаса, рухани жаңғыруға бет алады.
«Қазақтың заңғар жазушы М.Әуезов өз уақытында: «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», - деп дөп басып айтқан осы тәрбиелікте, тағылымдық сөзі күні бүгінге дейін біздер үшін де, келер ұрпақ үшін де өзекті болып қала бермекші. Ұлы Абайдың айтқан «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» дегенін санамызға сіңіру үшін билік жүйесі де, қарапайым халық та орындайтын негізгі қағидалар ретінде сөзсіз қабылдаса бүкіл болмысымызбен рухани жаңғырумыздың орындалғаны деп білген жөн», - деді Аққали Ахмет.