$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.08.2023, 05:34
Қоғам

«Жылда осы проблемаға тап боламыз»: халықаралық додалардың жеңімпаздары мемлекеттік грантсыз қалған

Спорт шеберлері Қазақ спорт және туризм акадамиясының алдына жиналды

«Жылда осы проблемаға тап боламыз»: халықаралық додалардың жеңімпаздары мемлекеттік грантсыз қалған
Фото ашық дереккөзден

Алматыда спорт колледжін бітірген түлектер мемлекеттік грантқа неліктен ілікпегенін түсінбей дал. Осыған дейін халықаралық додалардың жеңімпазы болған спорт шеберлері бүгін Қазақ спорт және туризм акадамиясының алдына жиналды. Білім мекемесі бұл келеңсіздікті гранттың аз бөлінуімен байланыстырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Жаны нәзік болғанмен, жұдырығы қатты Дана Дидай бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, төрт дүркін Қазақстанның жеңімпазы атанған ару. Биыл Алматыдағы Спорт колледжін аяқтады. Енді Қазақтың спорт және туризм академиясында шеберлігін шыңдаймын ба деген көңілі су сепкендей басылды. Шетелде көк туды желбіретіп жүрген спортшымыз елде бір гранттың бұйырмай қалғанына қапа болды.

 «Мықты спортшылар грантсыз қалғанына ішім қынжылып тұр. Бізді тек көк туды желбіреткенде ғана қуанып қолдамай, негізі спортқа үлкен жетістікке жетер жолда да қолдағанын қалаймыз. Бізге айтқан болатын, Спорт туризм академиясына осындай жақсы жетістіктермен түсіп кетесіңдер деп. Сондықтан мен басқа университет таңдаған жоқ болатынмын», - дейді Дана Дидай.

Дана секілді жетістігі жетерлік жастардың бірсыпырасы грант тізіміне ілікпеген. «Сен тұр, мен атайын» дейтін чемпиондардың ата-аналары да академияда тегін оқуға неліктен орын табылмағанын түсінбей дал.

Спорт және туризм академиясы кәсіби спортшылардың өкпесін түсініп, үнсіз бас шұлғиды. Қолдан келер қайран жоқ. Биыл коллдеджден кейін келген абитуренттерге бар-жоғы 40 грант бөлініпті. Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары ғана емтихансыз тегін оқуға қабылданады екен.

 «Үкімет бөлген грантты есептесек, бір орынға 10 адам таласады. Сол себепті жылда осы проблемаға тап боламыз. Бірнеше жыл бұрын, тіпті 20 адам бір орынға үміткер болды. Республикалық, халықаралардың жарыстардың жеңімпазы атанғандарда мынадай жеңілдік бар. Егер құжат тапсырған өзге абитуриентпен балы тең болса, жетістігі барына басымдық беріледі. Бір кездері бізге 80, 120 грантқа дейін бөлінетін. Биыл тек 40 грант берілді», - дейді Қазақтың спорт және туризм академиясының проректоры Михаил Шепетюк.

Спорт колледжін тәмәмдағандар алдымен спорттық норматив тапсырады. Екінші кезеңде тесттен өтеді. Грантқа ілігу үшін 70 баллдың кемі 35-ін алу қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттың аз бөлінуін былайша түсіндіреді.

 «Бізде кадр қажеттілігіне байланысты мемлекеттік білім беру тапсырысы жасалады. Оны жылда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты дайындағанда әр аймақтың сол мамандыққа деген қажеті ескеріледі. Мамандықтар атласының негізінде грант бөлінеді», - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма жетекшісі Жанна Есінбаева.

Министрлік биыл бөлінген 40 грант Спорт колледжін бітіргендерге жеткілікті екеніне сенімді. Енді грантқа ілікпей қалған абитуренттердің ақылы оқуға, я басқа білім ордасын таңдауына тура келетін түрі бар.

Серіктес жаңалықтары