«Төрт оқушы ғана қалған»: БҚО-да ауыл мектебі жабылудың аз-ақ алдында тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы жылдары ауылдан үдере көшкендер қатары арта түскен

Фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысындағы Жетікөл ауылының бастауыш мектебі жабылудың алдында тұр. Мұнда төрт-ақ бала қалған екен. Ал 1-сыныпқа әлі ешкім қабылданбаған. Соңғы жылдары ауылдан үдере көшкендер қатары арта түскен. Оған инфрақұрылымның нашарлығы мен жұмыссыздық себеп болып отыр. Енді мектеп жабылып қалса, елдімекеннің біржола тоз-тозы шыға ма деп алаңдайды жұртшылық. Ауыл тұрғындарының базынасын Хабар 24 арнасы жеткізді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Жетікөлдегі білім нысаны 1965 жылы салыныпты. Бір кездері оқушылар 9-сыныпқа дейін оқитын негізгі мектеп болған. Дегенмен кейінгі жылдары бала саны күрт азайып, «бастауыш мектеп» мәртебесі ғана қалды. Өткен оқу жылында мұнда 7 бала білім алыпты. Ал жаңа маусымда оқушы саны жетпей тұр.

Ауыл іргесіндегі шаруа қожалықтарында тағы 3 бала бар екен. Бірақ ата-аналары күнделікті қатынау қиын деп оларды округ орталығындағы интернатқа берген. Енді бастауыш мектептің одан әрі жұмысын жалғастыруы екіталай.

Ауылдың көнекөздері бұрын елдімекеннің қызу еңбек ордасы болғанын айтады. Тек тоқсаныншы жылдардан бастап жұмыссыздық жайлапты. Тұрғындар жан-жаққа үдере көшкен. Оның үстіне инфрақұрылымның нашарлығы да тұрмыс сапасына кері әсер етіа отыр.

Ауылда қазір 28 шаңырақ бар екен. Әкімдік енді елдімекенге көшіп келген отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

 «Бос үйлердің иесімен сөйлесіп, үйге тұру мәселесі бойынша. Одан бөлек шаруа қожалықтарымен сөйлестім осындағы. Ұсақ малмен көмектеседі әрқайсысы. Мысалы, мында 14 қожалық болса, 10 қоймен көмектеседі. Жұмыспен қамту, қожалыққа жұмысқа кіргізу. Сондай жұмыстарға көпбалалы отбасылар келсе. Әлі нақты келемін дегендер жоқ енді», - дейді Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұханов.

Норматив бойынша егер бастауыш мектепте оқушы саны бесеуден аз болса, мекеме жабылады. Десе де облыстық білім басқармасының маманы Жетікөл мектебін жабуға қатысты ешқандай ұсыныс қаралып жатпағанын айтты. Бірақ бұдан өзге екі мектептің жұмысын тоқтату жайы талқыланып жатыр екен.

 «Жетікөл бастауыш мектебінің жабылуы бойынша білім бөлімінен, аудан әкімдіктерінен ұсыныс түскен жоқ. Жаңа оқу жылында жабылатын бір бастауыш мектеп бойынша аудандық әкімдіктен ұсыныс келді. Облыс әкімдігінің қаулысы дайындалуда. Ақжайық ауданы, Есім бастауыш мектебі. Бір негізгі орта мектепті бастауыш мектепке айналдыру бойынша ұсыныс түсті. Ақжайық ауданы, Еңбекші негізгі орта мектебі», - дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Жадыра Бекжанова.

Өңірде дәл қазір 68 негізгі және 60 бастауыш мектеп бар. Жаңа оқу жылында жабылатын білім мекемелеріндегі балалар көрші ауылдардың интернатына орналастырылмақ. Ал Жетікөл тұрғындары өз ауылындағы бастауыш мектептің жұмысы одан әрі жалғасады деген үмітте. Өйткені балабақшада қазірдің өзінде 7 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.