«Жылу желілерін ауыстыруға 1,1 млрд теңге бөлінді»: Риддер әкімі жұмысты биыл аяқтауға уәде берді
Құбырларды ауыстыру жұмыстарына екі мердігер компания тартылған

«Риддер ЖЭО» АҚ-ның жөндеу жұмыстарымне қатар қалада қазір жылу желілерінің 26 апатты учаскесі ауыстырылуда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен жұмада ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың Риддерге сапары кезінде «Риддер ЖЭО» АҚ Бас директоры Игорь Михайленко қала бойынша барлығы 65 шақырым жылу желісі салынғанын, ал биыл 2,6 шақырым ауыстырылатынын айтты. Жедел жұмыс үшін екі мердігер ұйым — «Востоквзрывпром» ЖШС және «Восток-котлы» ЖШС тартылды. Мердігерлер құбырларды өздері жасайды.
Есеп беру барысында облыс басшысына Гоголь мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы жөндеу учаскесі көрсетілді.
«20 тамызға дейін аумақтағы жөндеу жұмыстары аяқталып, барлығы тапсырылады», - деп уәде берді мердігер директоры Серік Ақбердинов.
Бұған дейін әкімдік жылу желілерін ауыстырғаннан кейін аумақты абаттандыру жұмыстары келесі жылға ауыстырылатынын айтқан болатын. Ендігі ретте жергілікті билік барлық жұмыстар биыл аяқталады деп сендіріп отыр.
«Жұмыс аяқталғаннан кейін біз дереу абаттандыруға кірісеміз: асфальт бұзылған жерді қалпына келтіреміз. Бұл біздің тұрғындардың өтініші мен тілегі», — деді Риддер әкімі Дәулет Батырбаев.
Айта кетейік, жылу желілерін ауыстыру жобасына жалпы 1,1 миллиард теңге жұмсалады.