$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.08.2023, 16:15
Қоғам

561 жыл: Трамп сотталса да, сайлауға қатыса алады

Сарапшылар осындай пікір білдірді

561 жыл: Трамп сотталса да, сайлауға қатыса алады

Дональд Трампқа ресми түрде «мемлекет пен азаматтарға қарсы қылмыс жасады – сайлау нәтижелерін жоюға тырысты» деген айып таңылды. Алайда, Трамп түрмеге тоғытылғанның өзінде, 2024 жылы өтетін президенттік сайлауға қатыса алады. АҚШ заңнамасына сәйкес, бұл әбден мүмкін. Azattyq Ruhy тілшісіне сарапшы осындай пікір білдірді. 

Бүгін, 3 тамыз күні, экс президент сот отырысына қатысуы тиіс. Тергеуді бақылайтын арнайы прокурор Джек Смит Трампқа 4 бап бойынша айып тақты:

  • Америка Құрама Штаттарын алдау үшін қастандық;
  • ресми рәсімдерге кедергі жасау үшін қастандық;
  • ресми рәсімдерге кедергі жасау;
  • заматтардың құқықтарын бұзу мақсатында қастандық ұйымдастыру.

Вашингтон сотында үлкен қазылар алқасына жіберілген айыптау мәтінінде «Дональд Трамп 2020 жылғы сайлаудан кейін билікте қалуға бел буып, оларды жеңіп алдым деп «өтірік таратты» делінген.

45 беттік айыптау қорытындысында аты аталмаған алты серіктес көрсетілген: төрт заңгер, Әділет департаментінің қызметкері және саяси кеңесші.

Трамп алаяқтық пен алдау арқылы федералды үкіметтің қызметіне кедергі келтіріп, зиян келтіру үшін қастандық жасады деп айыпталуда.

Прокурорлар сонымен қатар Трамп «вице-президент Майк Пенсті Джо Байденнің 2021 жылдың 6 қаңтарында Президент болып бекітілуіне тосқауыл қоюға тырысуға тырысты, бірақ сәтсіздікке ұшырады» деп мәлімдеді.

Ал, АҚШ тағы кезекті президенттік сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына жоспарланған. Оған Трамп өзінің кандидатурасын ұсынған. 

Тағылған айыптауларға қатысты Трамп өзі де пікір білдірді. Жақтастарына жіберген жолдауында үш қылмыстық іс бойынша оған 561 жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді.

«Қисық Джоның (Трамп АҚШ президенті Джо Байденді осылай атайды – ред.) жемқор Әділет министрлігі маған тағы да заңсыз айып тағып отыр. Солшылдардың «мыстандарды аулау» туралы жариялауы нәтижесінде маған 561 жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр», - деп жазды Трамп өзінің сайлау штабына жолдаған үндеуінде.

Саясаттанушы, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков осы іске қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайға қарамастан, Трамп сайлауға қатыса алады.

«Ол өзінің сайлауға қатысатыны туралы 2022 жылдың қарашасында мәлімдеген. Заң бойынша, президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынуға толық құқылы. Трампты кінәлі деп тапқанның, сотталғанның өзінде ол оның президенттік позицияларына зиян келтірмейді деп ойлаймын. Себебі, Американың заңнамасына сәйкес, президентке кандидат адамға шектеулер өте аз. Тек қана, бұл Трамптың сайлауалды жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ, біз байқап отырғанымыздай,оның штабы қалыптасып отырған шуды өзінің мақсатына пайдаланғысы келіп отыр. Жай ғана қарап отырмайтыны түсінікті. Қазірдің өзінде олар өзінің жақтастарын белсенді түрде қимылдауға үндеу тастап отыр және Трамптың командасы барынша осы жағдайды пайдаланып қалары сөзсіз. Ал, сайлаудың нақты немен аяқталатынын қазір болжау өте ерте. Себебі, әлі 1 жыл уақыт бар», - деді Жұмабек мырза.

Трампқа таңылған айыптаулар мен құқықтық мәселелер оның республикалық партияның президенттік номинация жарысының көшбасшысы ретіндегі мәртебесіне әсер етпеді, тіпті оның позициясын нығайтты, дейді сарапшы.

31 шілдеде жүргізілген сауалнамаға сәйкес, ол өзінің ең жақын қарсыласы Флорида губернаторы Рон Десантистен 37 ұпай алда. Қалған 14 үміткердің ешқайсысы 6%-дан аспайды, ал олардың жартысынан көбі 1%-ға жетпейді.

Яғни, көпшілік бұл айыптауларды нанымсыз әрі сайлау алдында Трамптың беделін түсіру үшін жасалып отыр, деп сенеді.

Ал, Нью-Йорктің Оңтүстік округінің бұрынғы Федералды прокуроры Сара Криссофф Трамптың соты бірнеше жылға созылуы мүмкін деп санайды. Бұл туралы сарапшы reuters.com-ға берген сұхбатында айтты.

«Трампқа бейсенбіде Вашингтондағы федералды сотқа келуге бұйрық берілді. Іс сотқа жіберіле ме, жоқ па, оны анықтау керек, бірақ Трамп алқабилер сотына келуі мүмкін.

Бұрынғы президент сот ісін жүргізуге өте бейім. Федералдық істердің көпшілігі сотқа дейін шешіледі. Бірақ мұнда сотталушының кім екенін ескерсек, іс сотқа жіберілері сөзсіз», дейді Крисофф. 

Сарапшының ойынша, егер іс сотқа берілсе, Республикалық партияның жетекші кандидаты Трамп өзінің сайлау науқанын тоқтатып, барлық үш айыптау актісіне қатысты жауап беруге мәжбүр болады.

Айта кетерлігі, оның Нью-Йорк штатындағы порно жұлдызға қатысты оқиғасы бойынша қылмыстық процес 2024 жылдың 25 наурызында басталады. Ал Флоридадағы федералды құпия құжаттар бойынша сот 20 мамырда басталуы керек.

Яғни, екі сот та қараша айындағы сайлауға бірнеше ай қалғанда сайлау маусымының алдында болады.

Әзірге, Трамптың 2020 жылғы сайлауға қатысты соңғы айыптау үкімі бойынша сот процесі өтер, өтпесі белгісіз.

Бір қызығы, бұған дейін АҚШ президентінің ешбіріне мұндай қылмыстық айыптаулар таңылған емес.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары