«Есік пен тұрмыстық техникаларды қиратқан»: Өскеменде сот туристке айыппұл салды
Жігіт өз кінәсін мойындады
Өскеменде демалыс базасына барған турист орналасқан үйінің мүлкін бұзып, залалын өтеуден бас тартқан. Іс сотқа дейін жетіп, демалушыға айыппұл салынды деп хабарлайды Azattyq Ruhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Шілде айының ортасында бір топ өскемендік туристер Бұқтырма жағалауындағы демадыс базасына барып, үй жалдаған. Олар біраз ішімдік ішіп, шулы және көңілді отырыс жасаған. Қонақтардың бірі біраз мөлшерде шарап ішіп, түн ортасында абайсызда электр шәйнегі мен тоңазытқышты қиратқан. Көңілді отырыс соңында жігіт бөлме арасындағы ішкі есікті де сындырған.
Қонақтар үйден шыққан кезде демалыс базасының иесі оның үйіне келтірілген залалды мұқият есептеп, оған есепшот ұсынды. Жігіт өз кінәсін мойындап, шәйнек пен есіктің құнын төледі. Бірақ тоңазытқыштың ақысын өтеуден бас тартқан.
Нәтижесінде мәселе сотқа дейін жетіп, турист әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін біреудің мүлкін қасақана бүлдіру бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 48 300 теңге көлемінде айыппұл салынды.