Астаналықтарға түнде есік-терезелерін қымтап жауып жату керектігі ескертілді
Себебі түнде Астанада масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізілетін болады
Астана қаласының әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарынан түнде терезелерді қымтап жауып жатуды сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Себебі түнде Астанада масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізілетін болады.
«Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қала аумағында түнгі уақытта сағат 21.00-ден 04.00-ге дейін 6 тур бойы басқа өңірлерден масалардың көші-қонын болдырмау мақсатында қорғаныс жасай отырып, шыбын-шіркейлерді құрту іс-шараларын өткізеді», делінген 2023 жылдың 31 шілдесінде жарияланған елорда әкімдігінің ресми сайтындағы хабарламада.
Қазіргі уақытта 28 шілдеден бастап 4-тур аясында Астана қаласында масаларды жою жұмысы жүріп жатқаны нақтыланады.
«Бұл жұмыс ашық алаңдарда бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде», дейді Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Елорданың шетінен шыбын-шіркей мен олардың жаппай ұшып келуіне жол бермеу мақсатында қала маңындағы қорғаныс бөгеттері тұрақты түрде жүргізілуде. Жұмыс мамандандырылған дезинфекциялық машиналар мен термогенераторлардың көмегімен, хлорпирифос пен малатионның белсенді заты бар FOS класының инсектицидтік препараттарын қолдана отырып жүргізіледі.