Құранды өртеу әрекеті: Қазақстан БҰҰ қарарына теңавтор болды

Azattyq Rýhy

Еліміз 47 елмен бірге аталған қарардың теңавторы болды

Құранды өртеу әрекеті: Қазақстан БҰҰ қарарына теңавтор болды
Фото: gov.kz

Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарарының теңавторларына қосылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы конфессияаралық диалогты дамытуға және өшпенділік тілмен күресуге бағытталған қарарды қабылдады.

«Қабылданған қарарда дін немесе наным-сеніміне байланысты адамдарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттердің барлық түрлері айыпталады. Сонымен қатар құжатта діни рәміздерге, қасиетті кітаптарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына, мүліктерге, мектептерге, мәдениет үйлері мен ғибадат орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттерді айыптауға назар аударылды», - делінген хабарламада.

Тақырыпқа орай: БҰҰ Құран мен өзге қасиетті кітаптарды өртеу әрекетін айыптайтын қарар қабылдады

БҰҰ қарарының мәтініне діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға сілтемелерді енгізу туралы шешім Еуропаның бірқатар елдерінде Қасиетті Құран өртеп, оны қорлау оқиғаларының тізбегі аясында қабылданды.

Қазақстан БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге бұл қарардың теңавторы болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.