Олар қыздардың суретін өшіруді талап еткен
Маңғыстау облысында Каспий теңізінен 3 қызды құтқарғаннан кейін ата-аналары жанжал шығарған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Каспий теңізіне үрлемелі матраспен ағып кеткен үш қыздың туысқандары облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ғимаратының алдында жанжал шығарды. Олар құтқару операциясы таспаланған видеоны өшіруді талап еткен.
Себебі құтқарушылар түсірген видео-фотосуреттер әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түскен. Қыздардың рұқсатынсыз жариялаған дейді ата-аналары. Оқиғаның видеосын блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады.
«Қыздардың қутқарылғанына қуанбай ма? Неге біздің тұрғындар ортағасырдан келген сияқты. Рақмет айтудың орнына, істеп жатқандары», - деп жазды пікір қалдырушылар.
Еске салсақ, 25 шілде күні таңғы сағат 6-лар шамасында «Қазтеңізкөлікфлоты» компаниясына қарасты «Сұңқар» кемесінің экипажы жағалаудан 22 шақырым қашықтан теңіз бетіндегі үш қызды құтқарған. Іздестіру жұмыстарына «Қазавиаспас» тікұшағы мен 15 қызметкер жұмылдырылған еді.