Қазір айыппұлдың 5,7 млн теңгесі өндірілген
Атырау облысында еңбек заңнамасын бұзғандарға 8 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл басынан бері облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жүргізген 124 тексерістің нәтижесінде 162 заң бұзушылық анықталды. Қазір айыппұлдың 5,7 млн теңгесі өндірілген. Инспекторларға жыл басынан бері түрлі мекеме жұмысшыларынан 1000-нан астам өтініш келіп түскен. Олар жалақы, еңбек демалысы, жұмыстан заңсыз шығару мәселесіне байланысты арызданыпты. Бұған қоса өндіріс орындарындағы оқыс оқиғалар да азаймай тұр. Жақында Мақат ауданында «Атырау жарық» мекемесінің электромонтері қызмет бабында қаза тапты. Бұл дерекке қатысты тексеріс әлі жүріп жатыр.
«Өңірде орналасқан кәсіпорындарда орын алған 38 өндірістік жазатайым оқиғаның салдарынан 16 жұмысшы ауыр дене жарақатын алып, 3 жұмысшы қаза болды. Жұмыс орнында жазатайым жағдайға тап болған жұмысшылар бойынша міндетті түрде арнаулы комиссия құрылып, тергеу болады. Материалдар полицияға жіберіледі», - деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының м.а. Думан Әбеуов..