Малдың қырылу фактісі бойынша тексеру жұмыстары аяқталды
Облыстық ветеринария басқарамасының мәліметінше, 14 шілдеде Железин ауданы Башмачное ауылында «Асан» шаруа қожалығының 37 ірі қарасы не себептен қырылып қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық зертханада су сынамаларын зерттеген еді.
«Зертханалық сараптаманың нәтижесі бойынша малдар су ішкен жерден, құдықтың топырағынан келесі пестицидтерді анықтады: «Дихлорфос», «Диметоат», «Паратионметил», «Хлорпирифос», – деп түсіндірді облыстық ветеринария басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев.
Сондай-ақ, алынған патологиялық материалда «пастереллез» ауруына қатысты теріс нәтижені көрсетті.
Айта кетейік, Железин ауданындағы малдардың қырылуы бейнеге жазылып, әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Мамандар малдар уланып қалуы мүмкін деген алдын ала болжам қойған.