$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.07.2023, 22:54
Қоғам

Сингапурда 40 жылда алғаш рет жемқорлық дауы туындады

Өткен аптада жоғары шенді министр жемқорлық ісі бойынша тұтқындалды

Сингапурда 40 жылда алғаш рет жемқорлық дауы туындады

Саяси тұрақтылығымен танылған Сингапурда ел үшін сирек құбылыс саналатын саяси дау-дамай туындады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Өткен аптада жоғары шенді министр жемқорлық ісі бойынша тұтқындалды. Бұл – кейінгі 40 жылда елде болған алғашқы жемқорлық дауы және ол жемқорлыққа қарсы беделімен мақтанатын қала-мемлекеттің тұрғындарын дүр сілкіндірген жаңалық болды.

Өткен аптада Сингапурдың жемқорлыққа қарсы күрес қызметі көлік министрі С. Исваран мен миллиардер Онг Бенг Сенганы тұтқындады. Екеуі 2008 жылы Сингапурде Гран-при өткізуде маңызды рөл ойнаған. Тергеу жүріп жатқандықтан Исвараннан министр қызметінен кетуі сұралған.

61 жастағы Исваран 2021 жылдың мамырында көлік министрі болғанға дейін 2006 жылы үкімет мүшесі атанып, сауда және байланыс министрі қызметінде болған.

Сингапурда министрлерге қатысты жемқорлық ісі сирек кездеседі. Себебі, онда мемлекеттік қызметшілер жемқорлыққа қарсы тұруы үшін жақсы жалақы төленеді. Кабинет мүшелерінің көбінің жылдық жалақысы 1 миллион сингапур долларынан (750 мың АҚШ долларына жуық) асады.

Премьер-министрдің орынбасары Лоуренс Вонг жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында бұл істі тергеу «толық әрі тәуелсіз» болатынын, «ештеңе жасырын қалмайтынын» айтты.

Тағы бір жанжал Сингапурдың саяси сахнасын осы аптада дүр сілкіндірді. Парламент депутаттарының романы белгілі болып, екеуі де қызметінен кетуге өтініш жазды және басқарушы партия құрамынан да шықты. Оның бірі – кезінде премьер-министрлікке үміткер саналған 54 жастағы парламент спикері Тан Чуан-Цзинь, екіншісі – әріптесі 47 жастағы Ченг Ли Хуэй. Тан мырзаның әйелі бар екені белгілі, ал Ченг ханым тұрмыста емес.

Сарапшылардың пікірінше, бірінің артынан бірі болып жатқан дау-дамай 1959 жылдан бері билік басында отырған және парламенттің басым бөлігін құрайтын Халықтық әрекет басқарушы партиясының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

 

Серіктес жаңалықтары