$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.07.2023, 16:56
Қоғам

Белгілі бизнесмен Орифджан Шадиев 18 айға сотталды

Оған банкке 16 млрд теңге залал келтірді деген айып тағылды

Белгілі бизнесмен Орифджан Шадиев 18 айға сотталды
Коллаж: Azattyq Ruhy

Қазақстандық танымал кәсіпкер Орифджан Шадиев Asia Credit Bank-іне 16 млрд теңге залал келтіргені үшін 1,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Алмалы аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 250 б., 2 б., 28 б., 5., 250 б., 2 б. бойынша сотқа берілген Ш. және С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот анықтағандай, Ш. және С. құжаттарды қолдан жасап, кепілдік қамтамасыз етудің (жер телімінің) нарықтық құнын көтеріп, банкті жаңылыстырған. Олар жалпы кепіл құны 25 млрд теңгені құрайтын 7 жер телімі түріндегі өтімді кепілдік қамтамасыз етуді нарықтық құны бойынша жоғары бағаға, яғни 46 млрд теңгеге жер теліміне ауыстыруды жүзеге асырған. Осылайша, айыпкерлер кепілдік қамтамасыз етуді ауыстырудың заңдылығы туралы иллюзия жасаған. Ш. және С. өз әрекеттері арқылы пайда көру және өздеріне басымдық алу мақсатында өкілеттіктерін асыра пайдаланып, Банктің заңды мүдделеріне аса ірі мөлшерде залал келтірді», - делінген сот хабарламасында.

Белгілі болғандай, айыпкер Орифджан Шадиев пен Михаил Соловьев өз кінәларын ішінара мойындап, соттан өздеріне бас бостандығынан айыруға байланыссыз жаза тағайындауды өтінген.

Ал прокурор айыпкер Ш.-ға 2 жыл 6 ай, С.-ға 2 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер прокурордың ұстанымдарын қолдап, соттан олардың азаматтық талаптарын қанағаттандыруды сұрады.

«Айыпталған әрекеттерді жасаудағы айыпкерлердің кінәлары іс бойынша жиналған дәлелдемелер, куәгерлердің түсініктері, сот сараптамаларының қорытындылары арқылы дәлелденді. Сот үкімімен Ш. коммерциялық ұйымдағы өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды және оған қаржы ұйымында қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

С. айыпкер Ш.-ға көмектескені үшін кінәлі деп танылды және оған қаржы және банк ұйымдарында 5 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген сот хабарламасында.

Сот жаза тағайындау барысында Орфджан Шадиев пен Михаил Соловьевтің соттылықтарының болмауы, Шадиевтің кішкентай балаларының болуы секілді жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды ескерді. Айыпты ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

«Сотталушы Ш. және С.-дан «А» АҚ Тарату комиссиясының пайдасына 16 млрд теңгеден астам қаражат ынтымақты түрде өндірілді», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары