Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі халықпен кездесті
Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапары аясында тұрғындармен кездесіп, халықты толғандырған өзекті мәселерді талқылап, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдауда. Депутат Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарындағы ауылдарға барып, құрылысы кенже қалған мектептер мен стратегиялық нысандарды аралады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл ауылдарға баруымның себебі – мұнда бері құрылысы аяқталмай келе жатқан нысандар көп. Оның ішінде мектептер бар, мысалы, Ақтөбе облысында, Шиелісай деген ауылда болдым. Қаладан алыс емес. Қазірдің өзінде қалаға кіреді. Бірақ территориясында екі мың он сегізінші жылы басталған құрылысы әлі бітпей тұр. Халық қандай мәселелер көтерді? Халық құрылыстардың сапалы және уақтылы пайдалануға берілуін күтеді. Өйткені бұл құрылыс орындары берілгеннен кейін жаңадан жұмыс орындары пайда болады, балабақшалар, мектептер, әлеуметтік объектілер жұмыс істейтін болады», – деді депутат.
Сапар барысында Жұлдыз Сүлейменова Мұғалжар ауданы, Ембі қаласында болып, сол жерде үш жүзге жуық тұрғындармен кездесті. Көпшілігі жердің, жер қойнауын пайдаланушылардың сол елді мекендердегі, халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге байланысты мәселелер көтерген.
Депутаттың айтуынша, халық салығының шын мәнінде әлеуметтік объектілерге жұмсалуы мен жолдануын қадағалайтын тетіктерді сұрады.
«Бұл енді Қоғамдық бақылау заңының аясында болашақта жүзеге асырылатын тетіктер екенін түсіндірдік. Одан бөлек, жастарға қатысты тәрбие, мәдени-идеологиялық мәселелер де көп айтылды», – деді.
Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе облысының Алға қаласындағы «Алға жылу», Ақтөбе қаласындағы «Ақбұлақ» жылу және су ұйымдарына барды.
Депутат атап өткендей, «Алға жылу» – үлкен стратегиялық нысан бола тұра, қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мамандардың айлығы – 76 мың теңгеден аспай отыр.
«Басында бізге сол жердегі қызметкерлер мұны негізі Үкімет шешуі керек деген еді, бірақ біз Үкіметке бірден хабарласқанда, дәл сол «Алға жылу» компаниясының басқару моделіне байланысты олар әкімдіктен қаржыландырылатыны туралы, айлық жалақыны көтеру әкімдікке тікелей байланысты екенін айтты. Жалпы бұл тек қана «Алға жылуға» қатысты мәселе деп ойламаймын. Бұл жалпы Қазақстанға ортақ мәселе. Сол жерде тұрған әкімдіктің қызметкерлері, сол жердегі басшылық ештеңе айтпай, халықты алдап келгенін көзіміз көрді. Бұл – стратегиялық мәселе, алда оны шешуге атсалысатынымызды айтқым келеді», – деді депутат.
Сондай-ақ, Жұлдыз Сүлейменова өңірге сапары аясында кітапханашылар мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Абай облысында республикалық маңызы бар 4 музей және кітапхана бар.
«Бұл кітапхана кезінде Абай Құнанбайұлының өзі кітаптарын өткізген, сирек кітаптардың қоры бар мекеме. Өздеріңізге мәлім, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында кітапханашылардың айлық жалақысын екі есеге көтеру мәселесін қойдық. Одан бөлек, кітапханашылар мәселесін түбегейлі және жан-жақты шешіп жатырмыз. Бұл жерде мәдениет саласының кітапханашылары және білім саласының кітапханашылары болып бөлінеді екен. Бұған дейін мәдениет саласының кітапханашыларының айлық жалақысы өскен, ал білім саласының кітапханашыларына бұл мәселе қарастырылмапты. Сондықтан да, біз мұны жүйелі негізде, яғни бөліп-жармай қарастыру қажет екенін Үкіметке жеткіздік. Үкімет мәселені шешті», – деді. Депутат бұған дейін кітапхана ісіне жиырма ғана грант бөлініп келсе, биыл грант саны 5 есе көбейгенін де айтты.