Павлодар облысындағы алқызыл көлдің тартылып қалу себебі белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Министр биыл су шаруашылығы үшін қолайсыз климаттық жағдай туындағанын атап өтті

Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова Павлодар облысының Павлодар ауданында орналасқан Коряковка көліне барды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

Бұл су қоймасының ерекшелігі – маусым айынан қыркүйекке дейін алқызыл түске боялуында. Бұған дейін әлеуметтік желіде Коряковка көлінің кеуіп қалғаны түсірілген бейнеролик жарияланды. Видео авторы су қоймасының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, «көлді біреу арнайы кептіріп, тұз сататын сияқты» деген болжам бар екенін айтқан.

«Егер көлдің таяздануы туралы айтатын болсақ, Коряковка көлінің тартылуы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты. Биыл су шаруашылығы үшін қолайсыз климаттық жағдай туындағанын атап өту керек. Қыста қар аз түсті және жыл басынан бері ағын судың болмауына байланысты, көлдің су деңгейі төмендеп кетті. Ал өзендер мен салалар түрінде көлге құятын табиғи қоректену көзі жоқ. Сонымен қатар, биыл өңірде су аз, құрғақшылық пен жоғары ауа температурасы байқалады», - деп атап өтті экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ермек Омаров.

Көл аумағын көлік шиналарынан тазарту, учаскелік инспекторларға көлдің аумағына автокөлікпен кіруді бақылауды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.