Жамбылда «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар іске қосылуда

Автор: Azattyq Rýhy

Оның әуелгісі,  Тараз қаласындағы 200 орындық онкологиялық диспансер мен 250 орынға шақталған Байзақ аудандық емхана

Соңғы үш айда «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының «Жол картасы» аясында Жамбыл облысында бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Атап айтқанда, екі медициналық нысан басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Оның әуелгісі,  Тараз қаласындағы 200 орындық онкологиялық диспансер мен 250 орынға шақталған Байзақ аудандық емхана.

Сонымен қатар Қордай және Меркі аудандарында 180 орындық мәдениет үйлері де ашылып, жұмысын бастады. Бұдан өзге, облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.

Сайлауалды бағдарламада туризмді дамытуға баса көңіл бөлінген. Осы орайда, Жамбыл ауданында құны 720 миллион теңге болатын «Almaly resort» этнотуристік демалыс орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы арқылы 45 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын да айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, Тараз қаласында автобус паркіне қосымша 38 дана жаңа автобустар сатып алынды. Бұл да партияның сайлаушылар алдында берген уәделерінің бірі болатын. 

Еске сала кетейік, осыған дейін «AMANAT» партиясы алдағы 5 жылға арналған Сайлауалды бағдарламасының Жол картасын бекіткен болатын. Ол ел аймақтарының экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Нәтижесінде тұрғын үй және жол инфрақұрылымының өзекті мәселелері шешіліп, медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасы жақсарады.