«Қауіп төндіреді»: Сүлейменова климат өзгерісі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Кей елдерде климаттың өзгеруі көтерілістерге әкелген

Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова Орталық Азиядағы ынтымақтастық және қауіпсіздік форумының кулуарында климаттың өзгеруі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Климаттың өзгеруі аяқ астынан туындаған мәселе емес. Климаттың өзгеруі ұзақ уақыт бойы байқалып жүрді. 12 мың жыл бұрын парниктік газдың көлемі жағдайды тұрақсыздыққа әкелгенде адами өркениеттің қозғаушы күшіне айналды. Парниктік газ климаттың өзгеруінде өте маңызды рөл атқарады. Қалдықтардың саны жылдам көбейді. Біз көп жағдайдада климаттың өзгеруін экологиялық апат ретінде қабылдаймыз. Бұл – экологиялық проблема емес, ендігі ұлттық қауіпсіздік мәселесі», - деді Сүлейменова.

Ол атағандай, климаттың өзгеруі көп ел үшін маңызды мәселеге айналды.

«Бұл басқа салаларды қамтығандықтан, адамзаттың тіршілігіне әсер етеді. Қазақстанға қатысы жоқ мысал келтірсек, зерттеулердің бірінде кейбір елде болған көтерілістер климаттың өзгеруіне байланысты болғаны айтылған. Себебі кейбір ауылдарда өмір сүруге жақсы жағдай болмады. Ол егіншілік пен жер шаруашылығының мәселесіне тәуелді болды. Халық қалаға көшуге мәжбүр болды. Қалада ондай адамдар жұмыс таба алмады. Осы сынды мәселелер қауіп төндіруі мүмкін», - деді ол.

Министр атағандай, Қазақстанда Арал көлін мысалға алды.

«Арал көлінің тартылып қалғанын жиі айтамыз. Бірақ сол жердегі жергілікті халықтың негізгі күнкөріс көзі сол болғанын ұмытамыз. Олар бұл өңірден көшті. Яғни, жаңа әдістерді үйренуге мәжбүр болды. Қалада балықшы болу аса тиімді болмайтыны белгілі. Қазір теңіз қалпына келтіріліп жатқанда онда 40 отбасы тұрады. Сондықтан климаттың өзгеруі тұрмысқа әсер етеді деп айта аламыз», - деді ол.