205 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды – ІІМ
Олардың басым бөлігі Кеден одағы құрамындағы үш елге тиесілі
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі биылғы 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруға өтінімдер қабылдады. Өтінімді уақытылы берген, бірақ автокөліктерін заңдастырып үлгермеген ел азаматтарына белгіленген мерзімнен кейін заңдастыруға мүмкіндік берілді», - деді Сұлтанбаев.
Заңдастыруға:
- 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген;
- қылмыстық іздеуде болмаған;
- кедендік тазартудан өткен автокөліктер жатады.
Соның нәтижесінде 205 915 шетелдік автокөлік қазақстандық есепке қойылды.
Заңдастырылған автокөліктердің басым көпшілігі Кеден одағының құрамындағы үш елге тиесілі. Олар:
- Ресейден – 66.3% (136 636);
- Армениядан – 18.4% (37 914);
- Қырғызстаннан – 10.7% (22 144) әкелінген көліктер.
Облыстар бойынша автокөліктердің ең көп саны:
- Алматы қаласында – 21 115 бірлік (10,3%);
- Ақтөбе облысында – 20 876 (10,1%);
- Шымкент қаласында – 15 145 (7,4%);
- Батыс Қазақстан – 14 204 (6,9%);
- Атырау – 14 197 (6,9%);
- Қызылорда облысында – 13 695 (6,7%) тіркелген.