Ермек Имантаев ақпанда Астанада ұсталған болатын
Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаев сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ермек Имантаев ақпанда Астанада ұсталған болатын. Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунікке аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін заңсыз иемденді және жымқырды деген айып тағылып отыр. Атап айтқанда, іс материалдарына сәйкес, Имантаев «Ақтөбе» ӘКК басшысы бола тұра, корпорацияға тиесілі жер телімін кәсіпкерлерге заңсыз әрі арзан бағаға сатып жіберген. Келтірілген шығын 200 миллион теңгеге бағаланып отыр. Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.
Белгіл болғандай, Имантаев өзінің және жұбайының мүддесін қорғау үшін екі бірден адвокат жалдаған. Адвокаттар бірден бірнеше өтініш берген. Олар істі қосымша тергеуге жіберуді, ал Имантаевтың өзін үйқамаққа алуды сұрайды. Түрмеде жатқанда оның жүрегіне ота жасалғаны мәлім болды. Бірақ прокурор сотты изоляторда барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі деп сендірді.
«Менің ойымша, Имантаевқа қатысты бұлтартпау шарасын сол күйінде қалдыру керек, өйткені ол бостандықта жүріп, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін сотта істі тергеуге кедергі келтіруі мүмкін», - деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжанов.
Имантаевты қорғау туралы өтінішхаттың қанағаттандырылатыны әзірге белгісіз. Егер прокурор сотталушының тергеу изоляторында қалуы мүмкін екені туралы барлық қажетті медициналық құжаттарды ұсынса, Имантаевқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалуы мүмкін.
Айта кетейік, Ермек Имантаев 2004 жылы Ақтөбе облысының әкімі қызметінен ірі жанжалмен кеткен болатын. Белгілі қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер оның бизнеске адам төзгісіз қысым жасап жатқанын айтып, қызметінен кетуін талап еткен болатын. Қысқа текетірестен кейін Имантаев қызметінен кетуге шешім қабылдады. Ал төрт жыл бұрын облысқа оралып, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды.