«Көп тетіктерді білмейді екенбіз» – «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қаржылай сауатты арттыратын осындай жобалар қоғамға қажет екенін айтты

«AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы өңірлерде жүзеге асырылып жатыр. 2 мамырда басталған жоба аясында 8 мыңнан астам адам оқытылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының курьері Ақбота Шоманова – «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында оқу оқығандардың бірі.

«Мен «Қарызсыз қоғам» сабағына қатыстым. Бізге Мақпал ханым сабақ берді. Барлығын түсінікті етіп, айтып берді. Жеке басым, көп дүние түсіндім. Себебі көп тетіктерден хабарсыз екенбіз. Ақшаны табамыз, бірақ қалай жарату керек екенін білмейміз. Тіпті, курс барысында млн-дап ақша тауып, жеткізе алмай жүрген адамдар да бар екенін білдік. Сол үшін осындай сабақтардың өтуі құба-құп. Курс барысында отбасылық бюджетті дұрыс есептеу, киімге, тамаққа, тойға деген қаржыны қалай жұмсауы керек екенін түсіндірді. Бізге ұғынықты болу үшін шеңбер сызып, пайыздап бөлуді меңгертті», - деді ол.

Шоманова атағандай, несиені жабудың жолдары мен тетіктері де айтылған.

«Қаржыны үнемдеп, несиені жабу кезінде қаржыны тиімді пайдалану туралы да айтылды. Өз басым тың білім алдым. Мұндай сабақтар, әсіресе, ауылдық жерде ауадай қажет деп ойлаймын. Ауылдарда осындай сабақтар барынша көп ұйымдастырылып, ынталылар қатысуы керек деп ойлаймын. Себебі осындай тетіктерді білу арқылы халықтың қаржыны ұстауға деген көзқарасы өзгеріп, ақшаны сауатты жұмсауға бет бұрады. Себебі айына 800 мың-1 млн теңге тауып, айдың соңында ол қаржысы қайда кеткенін білмей жататындар бар. Ондайлар қоғамда аз болуы үшін осы сынды жобалар қажет деп санаймын», - деді Ақбота Шоманова. 

«Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева жобаның алғашқы нәтижелері белгілі болған кезде мұндай сабақтардың қажеттігі туралы айтқан болатын.

«Әр адам өз шығындарының есебін жүргізіп отыруы керек. Сондай-ақ дүкендерге азық-түлікке барғанда тізім жасап шыққан жөн. Осындай қарапайым тетіктер арқылы адам өзінің қаражатын басқара алады. Бізге оқуға келген адамдар «маған не үйретесің, одан да ақша беріңдер» деп айтады. Бірақ лотерея ұтып алған адамдардың ешқайсы өмірінің соңына дейін бай-қуатты болмайды. Уақыт өте келе, сол бұрынғы жағдайына оралды. Сондықтан қаржылық сауаттылық тұрақты әрі қауіпсіз өмірдің кепілі болып есептеледі», - деген еді Ақмарал Бекмұрзаева.

Қаржылық сауаттылықты оқығысы келген тұрғындар «AMANAT» партиясының филиалдарына жүгіне алады.

Айта кетейік, ақпан айында «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk bank- пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосақан болатын.